Қоғам

COVID-19: жағдайы ауыр науқасты емдеуге 900 мың теңге жұмсалады

Республиканың бес өңірінде – Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда COVID-19 жұқтырған бір пациентті емдеуге қанша ақша жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Коронавирус індетіне шалдыққан бір науқасты емдеу құны –өте ауыр немесе ауыр жағдай үшін 900 мың теңге, ал жағдайы орташа пациентке 465 мың теңге жұмсалады", - деді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр мұндай ақша ауруханаға емделген бір науқас үшін төленетінін нақтылады.

Оқи отырыңыз: Министр Қазақстанда қатаң карантин қашан енгізілуі мүмкін екенін айтты

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі елде вирус жұқтыру деңгейі өткен аймен салыстырғанда 3,7 есеге өскенін мәлімдеді.

Эпидемиологиялық жағдай республиканың бес облысында ушығып тұр. Олар: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары. Алматы қаласы – коронавирустың "сары" аймағында, ал қалған өңірлер "жасыл" зонаға енген.