НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Қазақстанда желтоқсан-қаңтар айларында карантин шаралары күшеюі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сіздер білесіздер, біз апта сайын деректерді талдап, болашақтағы жағдайларға болжам жасаймыз. Қазіргі сценарий бойынша желтоқсан-қаңтар айларында карантин шаралары күшеюі мүмкін екенін көріп отырмыз. Бәрі қазіргі жағдайды қалай бақылауға алатынымызға байланысты", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, бұған дейін ауру көрсеткіші жоғары болған өңірлерде вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Соңғы уақытта өңірлер арасында көш бастап тұрған Шығыс Қазақстанда көрсеткіш төмендеген.
Оқи отырыңыз: Министр Цой алдағы мереке күндеріне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
"Біз жағдайды бақылап отырмыз және апта сайын болжамды жаңартамыз. Десе де, қазір өсім байқалады және ол болады да. Ең бастысы оны тежей білу керек. Қазір ауруханалар мен инфекциялық стационарлар 22%-ке толған, реанимациялық төсек-орынның 17%-і бос емес. Яғни, резерв бар, сол себепті жағдай бақылауда, алаңдаудың қажеті жоқ", - деді ведомство басшысы.