Экономика

Министр Қашағанда мұнай өндіруді шектеудің себебін түсіндірді

Министрдің айтуынша, Атырау облысында ілеспе газды өңдейтін тағы бір зауыт салу жоспарланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Қашағандағы мұнай өндіру көлемі ілеспе газды кәдеге жаратуға байланысты шектелетін болды. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қашаған кен орнында өндірісті шектеудің негізгі себебі – ілеспе газды кәдеге жарату", – деді министр.

Осы мақсатта North Caspian Operating Company (NCOC) Атырау облысындағы "Болашақ" газ өңдеу зауытының жанынан қуаттылығы 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу туралы инвесторлармен келісімге келді.

"Болашақта тараптар барлық көрсеткіштер бойынша келісімді мақұлдаған соң, оның қуаттылығын 5 миллиард текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр", – деп атап өтті Ноғаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Қашаған кен орнынан қанша мұнай алуды көздейді

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде жұмыс белсенді жүргізілуде және келіссөздер аяқталуға жақын.