Қоғам

Косарев жаңа жылдан кейін депутат болмайтынын айтты

Ол жуырда өз атауынан "коммунистік" деген сөзді алып тастаған Қазақстан халық партиясының құрамынан шығып кеткенін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Владислав Косарев жетінші шақырылымдағы мәжілістің депутаты болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Sputnik Қазақстанның 10 қаңтарда сайланатын жаңа парламенттің депутаты болғыңыз келе ме деген сұрағына Косарев:

"Жоқ, мен депутат болмаймын", - деп жауап берді.

Сондай-ақ, ол жуырда өз атауынан "коммунистік" деген сөзді алып тастаған Қазақстан халық партиясының құрамынан шығып кеткенін айтты.

"Жоқ, әрине, мен оның құрамында қалмаймын. Олар бізден кетті, мені өздерінің жаңа партиясына шақырған жоқ. Мен қарсы екенімді (ұйым атауын өзгертуге – Sputnik) айттым, сол себепті олар басқа партия құрды. Мен коммунист болып қала беремін", - деді Косарев Sputnik Қазақстанға.

Депутат Қазақстанда коммунистер партиясы сол күйі қала беретінін атап өтті.

"Мен Қазақстанда коммунистік партия қалады деген шешім қабылдадым. Өйткені "Қазақстанның халықтық коммунистік партиясынан" шыққандар "Қазақстан халық партиясына" кірген жоқ, коммунист болып қалды және біздің қатарымызға әлі көп адам қосылып жатыр. Біз облыстарда өңірлік партиялық ұйымдар құрамыз. Партия жұмысын жалғастырады", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тағы бір партия атауын өзгертті 

Айта кетсек, Владислав Косарев – парламент мәжілісіндегі ең қарт депутат. Бүгін, 16 қараша күні, халық қалаулысы 83 жасқа толды. Мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

1990-2004 жылдары – екінші сайланған парламент мәжілісінің депутаты;

2012-2016 жылдары – V сайланған мәжіліс депутаты, ҚКХП тізімі бойынша;

2016 жылы наурызда ҚКХП тізімімен VІ шақырылымдағы сайланған мәжілістің депутаты болып сайланды.

Атауын өзгерткен коммунистер партиясы

11 қарашада Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы кезектен тыс XV съезінде атауын өзгертті. Ұйым атауынан "коммунистік" сөзі алынып тасталды.

Партия мүшелерінің басым бөлігі ребрендингті қолдады. Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев қарсылық білдірді. Ол сол кезде "партия құрамында қаласыз ба?" деген сұраққа: "Көреміз, мен ойланамын", – деп жауап берген еді.

Парламент сайлауы

Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.

2020 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша Қазақстанда алты саяси партия тіркелген:

  • Nur Otan партиясы;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистер партиясы) ;
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Адал" (бұрынғы "Бірлік") партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).

Орталық сайлау комиссиясы барлық алты саяси партияға мәжіліс сайлауына қатысуға рұқсат етті.