Қоғам

Қазақстанда тағы бір партия атауын өзгертті

© Sputnik / Абзал КалиевУрна. Выборы 2019
Урна. Выборы 2019 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қоңыровтың айтуынша, партияның атауы мәжіліс сайлауы алдында өзгеріп отыр. Негізгі мақсат – халыққа барынша жақын болу

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Қазақстан халықтық коммунистік партиясы атауын өзгертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Партияның кезектен тыс XV съезінде саяси ұйымның атауынан "коммунистік" деген сөзді алып тастауға шешім қабылданды. Осылайша, ребрендингтен кейін ол "Қазақстанның халық партиясы" деп аталады.

Съездің шешімімен партияның мәжілістегі фракциясының атауы да "Халық партиясының фракциясы" болып өзгерді. Осыған байланысты саяси ұйымның жарлығы мен бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіледі.

"Орталық комитеттің пленумына қатысып жатқан адамдардың басым бөлігі, сондай-ақ, жергілікті жерде жобаны талқылаған партия мүшелері осы шешімді қолдады", – деді орталық комитеттің хатшысы, мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Оның айтуынша, партияның атауы мәжіліс сайлауы алдында өзгертіп отыр. Негізгі мақсат – халыққа барынша жақын болу.

"Біз өз электоратымызды кеңейтіп жатырмыз. Бұған дейін көзқарасымызды қолдаған, бірақ ішкі ұстанымға байланысты Қазақстанның коммунистік халық партиясына қосыла алмаған адамдарды тартамыз. Жаңадан келгендердің көзқарасы сәйкеспеуі мүмкін. Оны да білеміз. Дегенмен, бізде нақты аргументтер және парламентте жұмыс істеудің тәжірибесі бар", – деді Қоңыров.

Партия мүшелерінің басым бөлігі саяси ұйымның атауын өзгертуді қолдады. Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев қарсылық білдірді.

"Кеңес одағында халық Коммунистік партияға толығымен сенді. Сол кезде тоқырау болды деген бос сөз. Ешқандай тоқырау болған жоқ. Мен қарсымын. Бұл – менің ұстанымым", – деді Косарев.

Ал "партия құрамында қаласыз ба?" деген сұраққа: "Көреміз, мен ойланамын", – деп қысқа ғана жауап берді.

Оқи отырыңыз: "Бірлік" партиясы өз атауын өзгертті

Сондай-ақ Айқын Қоңыров Қазақстанның халық партиясының төрағасы қызметіне сайланды. 25 қарашаға дейін саяси ұйымның съезі шақырылады.

"Бізге алдымен әділет министрлігінде қайта тіркеуден өту керек. Одан кейін әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалалардың әділет департаменттерінде тура сондай процедуралар жасалады. Осыны жасап болғасын тағы бір съезд өткіземіз. Сол жерде сайлауалды бағдарлама және кандидаттардың тізімі анықталады. Алдағы съездің негізгі мақсаты осы", – деп атап көрсетті Қоңыров.

Жаңалықтар
0