НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі індетке шалдыққандар санының едәуір өскенін мәлімдеді. Эпидемиологиялық сараптама науқастардың 53%-і вирусты қоғамдық көлікте жұқтырғанын көрсеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық ахуал ЖРВИ мен тұмаудың күшеюі салдарынан күрделеніп отыр.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар қатары 2,2 есе өскені байқалады.
"Халықтың барлық жастағы тобының коронавирус жұқтыру деңгейінің артқаны ерекше алаңдаушылық туғызады. 22 қазаннан бастап науқастар саны көбейген. Тек соңғы тәулікте 77 тұрғында коронавирус диагнозы расталды", - делінген хабарламада.
Бұл, департаменттің ақпаратынша, қоғамда эпидемиялық процестердің жандануымен байланысты.
Жүргізілген эпидемиологиялық сараптамалар нәтижесінде індетке шалдыққандардың 53% -і вирусты қоғамдық көлікте, 23%-і – үйде, 17%-і – қоғамдық орындарда жұқтырғаны анықталды.
Тағы оқыңыз: "Инфекция жұқтыру қаупі жоғары": COVID-19 қай кезде жылдам тарайды
Осыған байланысты Алматының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі азаматтарға профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады.
Біріншіден, адам көп жиналатын орындардан, әсіресе 65-тен асқан адамдар, аулақ жүргені абзал. Екіншіден, үнемі бетперде тағып, қоғамдық орындарда, мәселен, дүкендерде, дәріханаларда әлеуметтік ара қашықтықты сақтау қажет.
Тұмау белгілері байқалса, үйден шықпай, дәрігерге хабар берген жөн.