Фото

Бұрынғы даяшы және мұғалім: АҚШ-тың бірінші ханымы туралы қызықты деректер

Sputnik

Ол – мұғалім, қоғам белсендісі және көрікті әйел. Жасы 69-да болса да Джилл Байден сырт көзге өте жағымды әсер қалдырады. Ал оның Америкадағы сайлауға АҚШ-тың демократиялық партиясы атынан ұсынылған, үлкен саяси додада жеңіске жетіп, Американың 46-президенті болған жұбайы Джо Байден жақында 78 жасқа толады.

2021 жылдың қаңтарында өтетін инаугурациядан кейін Джилл Байден Ақ үйдің жаңа бірінші ханымы болады.

Джо мен Джиллдің некесіне 40 жылдан асты. Олар қоғамдық іс-шараларға әрдайым бірге барады және бір-біріне деген ыстық ықыласын үнемі ашық көрсетуге тырысады.

Дональд пен Мелания Трамп жұбы туралы бұлай айтуға келмес. Себебі олардың шынайы отбасылық өміріне қатысты қоғам тарапынан әрдайым күмән туындап жататыны, оның баспасөзде де, интернетте де жиі талқыланатыны жысырын емес. Қазір тіпті олардың ажырасып, екі жаққа кететіні туралы әңгіме жиі айтыла бастады.

Сондықтан, олардың жанында Джо мен Джиллдің жұбы үлгілі америкалық отбасыға ұқсайтыны анық. Олар бірге фотоға түскенді ұнатады, көпшілік алдында құшақтасудан, сүйісуден, қол ұстасып, қатар жүруден еш тартынбайды. Мысалы, Джилл өзінің қаншалықты бақытты екенін, саясаткер күйеуіне деген таңданысы мен қолдауын білдіретін сәтті құр жібермеуге тырысады.

Сонымен, Байденнің отбасы шын мәнісінде, көпшілік ойлағандай үлгілі отбасы ма? 

Sputnik Қазақстан Американың жаңа бірінші ханымы және оның отбасылық өмірінің кейбір сәттері бейнеленген суреттер мен қызықты фактілерді назарларыңызға ұсынады.

Оқи отырыңыз: Қазақ қызы АҚШ президенті әкімшілігінде басшылық қызмет атқарып жүр

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, америкалық БАҚ-тың бағалауы бойынша, демократ Джо Байден 2020 жылғы АҚШ сайлауында жеңіске жетті.

Алайда, Американың 45-ші президенті, республикашыл Дональд Трамп өзінің жеңілгенін мойындаған жоқ. Қазір оның адвокаттары әртүрлі штаттардың соттарына шағым түсіріп жатыр. 

1 / 21
Джилл Трейси Джейкобс – бұл есім оған 1951 жылдың 3 маусымында Нью-Джерси штатының Гаммонтон қаласында дүниеге келген кезде қойылған. Джиллдің ата-анасы қарапайым адамдар болған: анасы үй шаруасындағы әйел болса, ал әкесі Дональд Джейкобс банк кассирі еді. Бір қызығы, Джиллдің әкесінің тегі алғашқыда "Джиакоппа" болған. Кейін Джиллдің төрт сіңлісі өмірге келеді.
2 / 21
Джилл 15 жасқа келгенде жақын маңдағы кафеге даяшы болып жұмысқа тұрады. Бұл оның алғашқы жұмысы еді.
3 / 21
1987 жылы Джилл Вилланова университетін ағылшын тіліндегі өнер магистрі дәрежесімен бітіреді. Ол басқа университеттердің де бірнеше докторлық және магистрлік дәрежелеріне ие. 13 жыл ішінде Джилл қарапайым орта мектепте ағылшын тілінен, сонымен қатар жүйке аурулары ауруханасында эмоционалды күйзеліске ұшыраған жасөспірімдерге сабақ берді.
4 / 21
Джилл Джейкобстың бірінші күйеуі америкалық футболшы Билл Стивенсон болды. Джилл оған 1970 жылы тұрмысқа шығады. Сол кезде оның жасы небәрі 19-да еді. Жастар колледжде кездеседі. Алайда футболшы өзінің спорттық мансабымен тез қоштасады. Бірақ жас әйелімен бірге жастар көп жиналатын Stone Balloon университеттік барын ашады. Джилл мен Биллдің некесі ұзаққа созылмайды: ерлі-зайыптылар төрт жылдан кейін ажырасып кетеді.
5 / 21
Джиллдің Джо Байденмен алғашқы кездесуі оның бірінші күйеуімен ажырасу процесі кезінде болған. Олардың кездесуіне Байденнің ағасы Фрэнк түрткі болады.
6 / 21
Джиллмен кездескен кезде Джо жас саясаткер ретінде біршама жетістікке жетіп қалаған еді. Сондай-ақ, ол өте үлкен трагедияны да басынан өткеріп жатады. 1975 жылы оның бірінші әйелі Нелия мен бір жасар қызы жол апатынан қайтыс болады. Алайда тосыннан келген апаттан Байденнің көлік ішінде отырған кішкентай ұлдары аман қалады.
7 / 21
Джилл мен Джо 1977 жылдың 17 маусымында үйленеді. Екеуі үшін де бұл екінші неке болды.
8 / 21
Дегенмен Джилл Джоның үйлену туралы ұсынысынан бірнеше рет бас тартқан. Оның бас тартуының бірнеше себебі болады: ол бұл кезде өзінің барлық назарын мансапқа ұмтылу жолына арнауға тырысады және Джоның бірінші некесінен туған екі ұлды – Хантер мен Боны тәрбиелеу туралы міндеттемені дұрыс орындай алатынына күмәнданады. Сондықтан оған мұндай шешім оңайға түспейді.
9 / 21
Алайда Джо Байден Джиллдің жүрегін жаулап алуға барынша тырысады. Ол Джиллге тұрмысқа шығу туралы төрт рет ұсыныс жасайды. Бірақ Джилл бұл ұсыныстардың бәрінен бас тартты. Ол Джоның, Американың болашақ президентінің тек бесінші ұсынысынан ғана бас тартпай, оның әйелі болуға өз келісімін береді.
10 / 21
1981 жылы ерлі-зайыптылардың ортақ қызы дүниеге келеді, оның есімін Эшли деп қояды. Джоның бірінші некедегі ұлдары – Бо мен Хантерді Джилл ханым заң жүзінде асырап алмайды, алайда әрдайым оларды өзінің балалары деп есептейді.
11 / 21
Бүгінде Джилл мен Джо Байденнің некесіне 43 жыл болды. Алайда сырттай қарағанда көз қуантатын бұл отбасының да көлеңкелі тұстары бар болып шықты.
12 / 21
2020 жылы Джиллдің бұрынғы күйеуі – 72 жастағы Билл Стивенсон Daily Mail таблоидына берген сұқбатында болашақ президент пен бірінші ханымның ресми "махаббат тарихының" күлпаршасын шығарады. Ол өзінің ажырасуына Американың жаңа президентінің себепкер болғанын, оның Джиллмен қарым-қатынасы ресми түрде ажырасқанға дейін басталғанын мәлімдейді.
13 / 21
Алайда ерлі-зайыпты Джилл мен Джо Байден БАҚ-та жарық көрген бұл ақпаратқа назар да аудармады, түсініктеме де бермеді.
14 / 21
2015 жылдың мамырында Байденнің отбасы тағы бір ауыр сынаққа тап болды: мидың қатерлі ісігінен Бо – Джоның екі ұлының біреуі қайтыс болды. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қолдау көрсете отырып, өмірдің қиын сәтіне де қарсы тұра алды.
15 / 21
Ерлі-зайыптылар қаншама жылдан бері жұбын жазбай келеді. Джилл әрқашан өзінің саясаткер күйеуіне барлық жағынан қолдау көрсетуге тырысып келеді, бірақ өзінің мансабынан да бас тартқан емес.
16 / 21
Күйеуі АҚШ-тың вице-президенті болып сайланған кезде де Ақ үйдің екінші ханымы бола тұра, психикалық ауытқушылыққа ұшыраған балаларға ағылшын тілін оқытуды жалғастыра берді, тіпті бірінші ханым болған күннің өзінде де жұмысын тастамайтынын мәлімдеді.
17 / 21
Джилл Байден АҚШ-та күйеуі вице-президент кезінде жұмыс істеген алғашқы екінші ханым болды. Ақ үйдің хабарландыруларында және өзінің жеке қалауы бойынша оны "доктор Джилл Байден" деп таныстырады.
18 / 21
Джилл Байден – коммерциялық емес Biden Breast Health Initiative ұйымының негізін қалаушы, Book Buddies бағдарламасының, Байден қорының тең құрылтайшысы, Delaware Boots on the Ground-тің белсенді қатысушысы, Мишель Обамамен бірге Joining Forces-тің тең құрылтайшысы.
19 / 21
Джилл Байден өзінің мәлімдемелері мен БАҚ-қа берген сұқбаттарына сәйкес, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдарға араласуына түбегейлі қарсы. Негізінен оның қоғамдық қызметі АҚШ-тағы білім беру жүйесін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар Джилл Байден азаматтардың саяси белсенділігі мен әйелдердің дауыс беруінің маңыздылығына баса мән береді.
20 / 21
43 жылдан бері ерлі-зайыптылар – Джо мен Джилл Байден ештеңеге қарамастан, мінсіз америкалық отбасының үлгісін көрсетіп отыр. Олар бүгінгі күнге дейін ешкімге өздерінің некесін бұзуға немесе беделдерін түсіруге жол берген емес.
21 / 21
Джилл әрдайым және барлық жағынан күйеуіне қолдау көрсетуге тырысады. Ол 1988 жылдың өзінде Джоны Америка президенті лауазымына үміткер бола алатындығына сендіреді. Алайда, сол жылдары Джо Байденге финалға шығу бақыты бұйырмайды. 2008 жылы президент тағына отыруға оның тарапынан тағы бір талпыныс жасалды. Бірақ ол 2020 жылы ғана көздеген мақсатына жетеді. Ал Джоның жеңіске жетуіне Джиллдің сөзсіз, орасан күш-жігер жұмсағаны анық.