Ол – мұғалім, қоғам белсендісі және көрікті әйел. Жасы 69-да болса да Джилл Байден сырт көзге өте жағымды әсер қалдырады. Ал оның Америкадағы сайлауға АҚШ-тың демократиялық партиясы атынан ұсынылған, үлкен саяси додада жеңіске жетіп, Американың 46-президенті болған жұбайы Джо Байден жақында 78 жасқа толады.
2021 жылдың қаңтарында өтетін инаугурациядан кейін Джилл Байден Ақ үйдің жаңа бірінші ханымы болады.
Джо мен Джиллдің некесіне 40 жылдан асты. Олар қоғамдық іс-шараларға әрдайым бірге барады және бір-біріне деген ыстық ықыласын үнемі ашық көрсетуге тырысады.
Дональд пен Мелания Трамп жұбы туралы бұлай айтуға келмес. Себебі олардың шынайы отбасылық өміріне қатысты қоғам тарапынан әрдайым күмән туындап жататыны, оның баспасөзде де, интернетте де жиі талқыланатыны жысырын емес. Қазір тіпті олардың ажырасып, екі жаққа кететіні туралы әңгіме жиі айтыла бастады.
Сондықтан, олардың жанында Джо мен Джиллдің жұбы үлгілі америкалық отбасыға ұқсайтыны анық. Олар бірге фотоға түскенді ұнатады, көпшілік алдында құшақтасудан, сүйісуден, қол ұстасып, қатар жүруден еш тартынбайды. Мысалы, Джилл өзінің қаншалықты бақытты екенін, саясаткер күйеуіне деген таңданысы мен қолдауын білдіретін сәтті құр жібермеуге тырысады.
Сонымен, Байденнің отбасы шын мәнісінде, көпшілік ойлағандай үлгілі отбасы ма?
Sputnik Қазақстан Американың жаңа бірінші ханымы және оның отбасылық өмірінің кейбір сәттері бейнеленген суреттер мен қызықты фактілерді назарларыңызға ұсынады.
Оқи отырыңыз: Қазақ қызы АҚШ президенті әкімшілігінде басшылық қызмет атқарып жүр
Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, америкалық БАҚ-тың бағалауы бойынша, демократ Джо Байден 2020 жылғы АҚШ сайлауында жеңіске жетті.
Алайда, Американың 45-ші президенті, республикашыл Дональд Трамп өзінің жеңілгенін мойындаған жоқ. Қазір оның адвокаттары әртүрлі штаттардың соттарына шағым түсіріп жатыр.