НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша — Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымының басшылары саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асырудың 2021-2025 жылдар аралығындағы іс-қимыл жоспарын бекіту туралы шешімі қабылданған құжаттар қатарында.
Тізімде цифрлық дәуір кезіндегі шалғай және ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі тұжырымдамасының шешімі, эпидемиялық қауіп-қатерге қарсы іс-қимылдың бірлескен кешенді жоспары бар.
Біріккен ұлттар ұйымының Азия-Тынық мұхиты аймағы үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы хатшылығымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы шешімі де қабылданды.
Қабылданған шешімдер тізімі:
- Ұйым хатшылығы және Еуразия экономикалық комиссиясымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы;
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени интеграциялық орталығы туралы;
- ШЫҰ Бас хатшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі жөніндегі баяндамасы туралы;
- Аймақтық антитеррористік құрылымының 2019 жылғы қызметі жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық антитеррористік құрылымы кеңесінің баяндамасы туралы шешімі.
Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына байланысты мәлімдемесі қабылданды.
Мәлімдемелердің толық тізімі Ақорда сайтында жарияланды.