НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін біртіндеп ұлғайту бойынша жол картасын қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысында айтты. Сонымен қатар, протекционизмнің күшеюі және халықаралық тауар тасымалы тізбегінің ажырауы ұйымның экономикалық әлеуетін ашуда кезек күттірмейтін міндетке айналып отырғанын атап өтті.
"2025 жылға дейін ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспарының бекітілуі өзара сауданың қалпына келуі мен ұлғаюына септігін тигізеді деп үміттенетінін жеткізді. Бұл міндетті шешу жобалық қызметті қаржыландыру тетігін құруға қатысты келіссөздерді жеделдетуді талап етеді. Бұл жұмысқа өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін біртіндеп ұлғайту бойынша жол картасы, сондай-ақ, Еуразиялық қаржылық консультациялық механизм құру түріндегі шаралар жақсы серпін берер еді", – деді Тоқаев.
Айта кетейік, осы күндері ШЫҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының саммиті өтіп жатыр. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады деп жоспарланған.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерреш шараға қатысушыларға видеоүндеу жолдайды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы – құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Пәкістан енген үкіметаралық халықаралық ұйым. Беларусь, Моңғолия, Иран және Ауғанстан бақылаушы елдер.
Оқи отырыңыз: Пандемия державалар арасындағы сенім дағдарысын ушықтырып жіберді – Тоқаев
ШЫҰ диалогының серіктесі мәртебесіне Армения, Әзербайжан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка ие.