Қоғам

Мүфтият жұма намазына қатысты мәлімдеме жасады

Діни басқарма жұма намазын оқуға рұқсат етілмеген жағдайда, бесін намазы күндегідей жамағатпен оқылатынын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел тұрғындарын үкіметтің мешіттерде жұма намазын оқуды уақытша тоқтату туралы шешіміне мойынсұнуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 2 қарашадан бастап барлық мешітте бес уақыт намазды жамағатпен оқуға рұқсат берілген болатын. Алайда жұма намазы уақытша оқылмайды.

Оқи отырыңыз: Қарашадан бастап бес уақыт намазды мешітте оқуға болады 

"Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын мемлекет заңына мойынсұнуға және түрлі арандатушылық әрекеттерге салынбауға шақырады. Өйткені Әбу Ханифа мәзһабында жұма намазы дұрыс болу үшін мемлекет басшысы немесе оның орынбасары рұқсат (изн ғам) беруі шарт", - делінген ресми мәлімдемеде.

Діни басқарма жұма намазын оқуға рұқсат етілмеген жағдайда, бесін намазы күндегідей жамағатпен оқылатынын атап өткен.

"Жұма күні бесін намазын мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып жамағатпен оқуға рұқсат етіледі немесе үйінде оқиды", - деп атап өтті мүфтият.    

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағатты үкіметтің жұма намазын уақытша тоқтатуға қатысты шешіміне түсіністікпен қарауға және оған сабырлық танытуға шақырды.