НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері темір торға қысылып қалған ер адамды құтқарды.
Арыс АПБ кезекші бөліміне аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісіндегі терезе торына ер адамның басы қысылып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлады Polisia.kz.
Оқиға орнына бірінші болып Арыс АПБ патрульдік полицейлері Ерлан Ишанов пен Қанат Сасаев келді. Тәртіп сақшылары ер адамға көмек көрсету үшін темір торды кесіп, оны "тұзақтан" босатты. Полицейлер зардап шегушіге су ішкізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Оқи отырыңыз: Он жасар бала құбыр арасына қысылып қалды – құтқару операциясының кадрлары
Анықталғандай, көп пәтерлі үйдің тұрғыны Мақсат Нұрбасов пәтерден кіреберіске шығып, баспалдақпен төмен қарай түскен. Осы мезетте ер адамның қан қысымы көтеріледі. Содан соң құлап түсіп, азаматтың басы терезе торының арасына кіріп кеткен. Өздігінен шыға алмаған.
Арыс қаласының тұрғыны Мақсат Нұрбасов патрульдік полиция қызметкерлеріне уақытылы көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.
"Сол күні бірден қан қысымым көтеріліп кетті. Баспалдақпен түсіп келе жатып, көз алдым қараңғылана бастады, содан соң құладым. Көршілерге рақмет, олар көмекке полицияны шақырды. Көршілерім мен полиция қызметкерлері Ерлан мен Қанатқа алғысымды білдіргім келеді. Олар мені темір тордың құрсауынан шығарды. Содан соң ауруханаға бардым, дәрігерлер ешқандай асқынудың жоқ екенін айтты", – деп Арыс ауданының тұрғыны полицейлерге ризашылығын жеткізді.