ҚЫЗЫЛОРДА, 1 қазан — Sputnik. Қызылорда қаласы Ақмешіт шағын ауданының тұрғындары баланы құтқару операциясының куәгері болды.
"Он жасар бала достарымен ойнап жүріп, жылу құбырына шығады, кенет құлап кетіп, екі құбырдың арасына кеудесімен қысылып қалған", — деп мәлімет берді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің басшысы Айгүл Нұрманова.
Астанада терезеден салбырап тұрған адамды құтқарған полицейге алғыс жарияланды
Балақай өз бетімен шыға алмай, шошып кеткен достары үлкендерден көмек сұрайды, ал олар құтқару қызметін шақырыпты.
"Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына шұғыл аттанып, жағдайды көрген соң, гидравликалық құралдың көмегімен жылу құбырларының арасын кеңейтті, — деп хабарлады Нұрманова. – Осылайша, баланы шығарып алды. Жеткіншек сабыр сақтап, құтқарушылардың айтқанын мұқият тыңдады, сөйтіп аман-есен құтқарылды, дәрігерлердің көмегі қажет болған жоқ".