Қоғам

Сенімхат беріп, үйсіз қалды: көкшетаулық тұрғын 4 айдан бері көлікте тұрып жатыр

Прокуратура өкілдері Қадыров кезінде білікті адвокат жалдамағандықтан, үйін қорғау мүмкіндігін жіберіп алған деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Көкшетау қаласының тұрғыны Есқажы Қадыров риясыз сенгіштігінің құрбанына айналып отыр. Достарына көмектесемін деп үйінен айырылған ол бүгінде көлігінде күнелтуде, деп хабарлайды "Еуразия бірінші" арнасы.

2004 жылы оның таныстарының отбасы Қадыровтан ақша сұрап, көмек көрсетуін өтінген. Таныстары ақша жоқтығына көз жеткізген соң, оны үйін кепілге қойып, несие алуға көндіреді. Банк Қадыровқа несие беруден бас тартқанда, әлгі достары ең болмағанда өз атына сенімхат жазып беруін сұрайды. Уақыт өте келе өзінің үйі басқа адамдардың атына тіркелгенін кеш біледі.

Есқажы Қадыров сотта құжаттардағы қателікті көрсетіп, сенімхаттың дұрыс еместігін дәлелдеуге тырысқанымен, ештеңе өзгермеді. Сөйтіп, құжаттардағы көптеген қайшылықтарға қарамастан, сот істі Қадыровтың достарының пайдасына шешіп берген. Нәтижесінде, алаяқтық жолмен үшінші тұлғаға сатылған үйден сот орындаушыларының ықпалымен өз үйінен қуылған.

Оқи отырыңыз: 800 адам алданған: Түркістан облысында 1 млрд теңге жинаған қаржылық ұйым анықталды

Бұл мәселеге қатысты бас прокуратурадан түсініктеме берген. Олар бұл кісіге көмектесуге тырысқанымен, Қадыров үйін қорғау мүмкіндігін жіберіп алғанын анықтаған. Яғни прокурорлардың пікірінше, Қадыров дер кезінде білікті адвокат жалдамаған көрінеді.