Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда ұшақ пен пойыз жолаушыларынан ПТР анықтамасы талап етіледі

Облыс аумағында жолаушылар пойыздарының тоқтуына тыйым салынып, вагондар арасында адамдардың жүруіне шектеу қойылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан облысынан Қазақстанның басқа аймақтарына әуе немесе теміржол көлігімен сапар шегетін жолаушыларда теріс нәтижесі көрсетілген ПТР сынағының анықтамасы талап етіледі. Бұл туралы көліктегі бас санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

ПТР анықтамасының қолданылу мерзімі нәтижелерді алған күннен бастап үш күннен аспауы тиіс. Бұл талап 5 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жолаушылар пойыздарының тоқтуына тыйым салынып, вагондар арасында жолаушылардың жүруіне шектеу қойылады.

Сондай-ақ, әуежайда Қазақстанның басқа аймақтарынан Солтүстік Қазақстан облысына келген жолаушылардың қолында ПТР анықтамасы бар-жоғы тексеріледі.

Мұндай тексеру теміржол вокзалында да жүзеге асырылады.

Әуежай мен теміржол вокзалының ғимаратына адамдарды шығарып салуға немесе еріп жүруге рұқсат етілмейді. Яғни, ғимаратқа билеті бар жолаушылар ғана кіргізіледі.

Егер жолаушылардың қолында ПТР анықтамасы болмаса, тасымалдаушыларға 1 600 АЕК айыппұл (1 АЕК – 1 778 теңге) төлеу түрінде әкімшілік шаралар қолданылады.

Оқи отырыңыз: ПТР тестке қатысты талап өзгерді: ұшақпен қатынайтын жолаушылар нені білуі тиіс

Айта кетейік, мемлекеттік бас санитар дәрігердің Солтүстік Қазақстан облысында теміржол және әуе көлігімен қатынауда COVID-19 шектеу шараларына байланысты қаулысы БАҚ-та жарияланып, тиісті ұйымдарға жіберіледі.