Қоғам

"Халыққа жеңілдік беруді сұраймыз": депутаттар үкімет басшысына сауал жолдады

Жамбыл Ахметбеков "Сарыарқа" газ құбырының бойында жатқан барлық 170 елді мекен тұрғындарына тауарлық газдың бағасын субсидиялау қажет деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Коммунистер фракциясы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, халыққа газ желілеріне қосылу үшін жеңілдік жасауды және көгілдір отын бағасына субсидия бөлуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, коммунистік партияға Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау мен Жезқазған тұрғындары арызданып жатыр. Барлығы "Сарыарқа" газ құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша кететініне наразы. Газдың өзі де қымбатқа түсіп отыр.

"Ал ең үлкен тариф Нұр-Сұлтан қаласында бекітілген. Бұл жерде бір үйді газ құбырына қосу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының орташа бағасы қазандықпен бірге 350 мың теңгеден жоғары. Ол әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін өте қымбат болып тұр", – деді Ахметбеков мәжілістің жалпы отырысында.

Осыған байланысты коммунистер солтүстік және орталық өңірдің қысы суық екенін ескеріп, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін газ желілеріне қосылу жағынан жеңілдік беруді сұрады.

"Үкіметтен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға арналған газ тарату желілеріне қосылу шығындарын субсидиялау бағдарламасын әзірлеуді сұраймыз. Бұдан бөлек, "Сарыарқа" газ құбырының бойында жатқан барлық 170 елді мекен тұрғындарына тауарлық газдың бағасын да субсидиялау қажет. Соның арқасында біраз адам көмірден бас тартып, газдандыру шараларын жеделдетуге болады. Осылайша, экологиялық жағдай да жақсарады", – деп атап көрсетті Ахметбеков.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан әкімі газ бағасы қанша теңгеден болатынын айтты