НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі екі аптаның ішінде коронавирус жұқтырған науқастардың саны өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, өткен аптамен салыстырғанда инфекцияны жұқтыру көрсеткіші 2,6 есе өскен.
"Бүгінде Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкенттің әкімдері күшейтілген шаралар қабылдады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында індетке екінші рет шалдыққан науқас тіркелді
Айта кетейік, пандемия басталғалы бері Қазақстанда 113 741 адам коронавирус жұқтырды. Індет салдарынан 1 867 науқас қайтыс болды. Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап 38 281 адамға ковидтік пневмония диагнозы қойылды. Одан 405 науқас қайтыс болды.