НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 9 қарашадан бастап бірқатар шектеу шарасы енгізіледі, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Сонымен, Петропавлда қаланың периметрі бойынша блок бекеттер орнатылады.
Сондай-ақ күн сайынғы өсім 10-нан асқан елді мекендерде санитарлық блок бекеттер қойылады.
Петропавл ‒ Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдары аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартылады; облыс ішінде жолаушылар теміржол құрамдарының аялдауына тыйым салынады.
Петропавл қаласынан шығатын ұшақ жолаушылары ПТР анықтамасын (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспаған) көрсетуге міндеттеледі.
Діни нысандардың, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет нысандарының қызметі уақытша тоқтатылады.
Жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысы бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орынды объектілер үшін есептік орындардың 50%-нен аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін шектеледі.
Коронавирус пандемиясы: қай өңірлерде карантин күшейтілді
Сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден астам азық-түлікке жатпайтын дүкендер жұмысы сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі.
Демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы тапсырыс берушіге жеткізу нысанына ауыстыру арқылы сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін шектеледі.
Демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түлікке жатпайтын дүкендер жұмысы шектеледі.
Жексенбі күндері сұлулық салондары, шаштараздар, бассейндер, фитнес-клубтар, жаттығу залдарының жұмысы шектеледі.
Офлайн кеңестер өткізуге тыйым салынады: қызметкерлердің кемінде 80%-і қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылады.
Әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп алатын және шығарып салатын тұлғаларды кіргізуге тыйым салынады (билет болған жағдайда ғана өткізіледі).
65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмекті және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажет болмаса тұрғылықты жерінен шықпауға кеңес берілді.
Карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы, атап айтқанда, Петропавл қаласы, Айыртау, Аққайың, Ақжар аудандарында күшейтіледі..
Облыс тұрғындарын ПТР тестілеумен қамту көлемін арттыру тапсырылды.
Карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі
COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол өңірдің коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығын тексерді.
Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізді, өңір әкімі Құмар Ақсақалов пен жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.
Тоғжанов өңірде тіркелген СOVID-19 фактілері санының артып отырғанын атап өтті. Облыстың кейбір аудандарында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші өткен аймен салыстырғанда 4,7 есе өскен.
Ведомствоаралық комиссия 9 қарашадан бастап халықаралық екі жақты және транзиттік жүктерді тасымалдайтын жүргізушілер (шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтары) үшін теріс нәтиже көрсетілген ПТР тест анықтамасын (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспаған) міндетті түрде ұсыну талабын енгізу туралы шешім қабылдады.
Қазақстан азаматтарының мұндай анықтамасы болмаған жағдайда, жүк тасымалдаушылар ПТР-тест нәтижесі дайын болғанға дейін 2 тәулікке карантинге орналастырылады.