Қоғам

2 миллион теңге берілмейді: дәрігерлердің өтемақысын неге тоқтатты?

Енді өтемақы медициналық мекеме немесе кәсіподақ ұйымы тарапынан, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар есебінен төленеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Келесі айдан бастап коронавирус инфекциясы мен ковидтік пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2-10 миллион теңге көлеміндегі өтемақы төленбейді. Үкімет бұл шешімнің себебін түсіндірген. Алайда депутаттар да, медицина қызметкерлері де төлемнің тоқтатылуына қарсы. Өйткені коронавирустың қаупі әлі сейілген жоқ. Sputnik Қазақстан тілшісі пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне арналған өтемақыны тоқтатудың негізгі себептерін зерделеп көрді.

Үкіметтің уәжі қандай?

20 қазанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия инфекцияны жұқтырған және одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне төленетін бір реттік өтемақыны тоқтатуға шешім қабылдаған болатын. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, осы уақытқа дейін медицина мамандары біраз тәжірибе жинаған. Бұрынғыдай қорғаныс құралдарының тапшылығы жоқ. Ондай жағдайда дәрігерлер арасында вирус жұқтыру оқиғалары болмауы тиіс. 

"Бұл өтемақы қатаң карантиндік шектеулер кезінде ғана беріледі деген жоспар болған. Себебі науқастар көп болды. Қазір қатаң карантин жоқ. Стационарларда науқастар көп емес. Дәрігерлер арасында вирус жұқтыру жағдайлары да жоқ деуге болады. Сосын медицина қызметкерлері біраз тәжірибе жинап алды. Сондықтан коронавирусты жұқтырғандарға берілетін өтемақыны тоқтатуға шешім қабылданды", - деді Шоранов арнайы брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, бұдан былай медицина қызметкерлері коронавирусты жұқтырса, ондай жағдайлар аурухана ішіндегі инфекция ретінде рәсімделеді, яғни, әдеттегідей жұмыс орнында вирусты жұқтыру оқиғасы болып саналады. Ал өтемақы медициналық мекеме немесе кәсіподақ ұйымы тарапынан, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар есебінен төленеді. Ондай жағдайда аурухана басшылары өз бюджетін ойлап, қызметкерлерін қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге және санитарлық ережелерді сақтауға тырысады деп жоспарланып отыр. Осылайша, үкімет әкімдерге де, бас дәрігерлерге де қосымша мотивация береміз дейді.

Кәсіподақтар вирус жұқтырған маманға 3 айлық еңбекақы ғана төлей алады

Бүгін бір топ депутат дәрігерлердің өтемақысын тоқтатуға қарсылық білдірді. Мәжілісмен Азат Перуашевтің айтуынша, қазір әлем бойынша коронавирус өршіп барады. Осы кезде медицина қызметкерлерінің өтемақысын тоқтатқан қисынсыз. Себебі науқастардың саны өз елімізде де көбейіп келеді. Дәл осы уақытта медицина қызметкерлері мемлекеттің қолдауын сезінуі керек.

"Шенеуніктер ақ халатты абзал жандарға ту сыртынан соққы жасап отыр. Енді дәрігерлердің көбісі мемлекетке өздерінің жанкештілігі, науқастарға деген мейірімділігі мен батылдығы қажет екеніне күдіктене бастайды. Ал вирусты жұқтырған жағдайда оларға кім мейірімділік танытады?", – дейді Перуашев.

Депутаттар кәсіподақ ұйымдары мен жергілікті бюджеттердің мүмкіндігін де зерделеп шығыпты. Сөйтсе, екеуі де 2-10 миллион теңгенің өтемақысын төлеуге қауқарсыз. Мәселен, кәсіподақтар инфекция жұқтырған маманға емделу үшін 3 айлық еңбекақыдан артық ақша төлей алмайды. Коронавирусты отбасының барлық мүшесі жұқтырса, ол ақша дәрі-дәрмекке де жетпей қалуы мүмкін.

"Ал жергілікті бюджетте мұндай шығын атымен жоқ, яғни төлем қарастырылмаған", – деп атап өтті Перуашев.

Осы орайда депутат тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде "медицина қызметкерлерінің тәжірибесі мен қажетті қорғаныс құралдары арқасында олардың вирусты жұқтыру қаупі барынша төмендесе, үкімет өтемақыға кететін ақшаға алаңдамай отырса да болады" . Одан да мемлекеттің беделін ойлап, бәрін сол қалпында қалдырған дұрыс. Осыған байланысты депутаттар үкімет басшысына сауал жолдап, белгіленген мерзімнің ішінде жауап беруді талап етті.

Өтемақыға 20 миллиард теңге жұмсалды

Шыны керек, медицина қызметкерлерінің бір реттік өтемақысын төлеуге біраз шығын шықты. Мәселен, осы уақытқа дейін 13 мың медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Олардың ішінде 9 309 маманның инфекцияға жұмыста шалдыққаны расталды. Сөйтіп, барлығына 2 миллион теңге көлемінде бір реттік өтемақы берілді. Сосын коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңгеден таратылды. Сонда барлығына, шамамен, 20 миллиард теңгедей кеткен. Дегенмен, ол ақша бюджеттен емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленді. Ал осы ұйымның есебіне сәйкес, биыл 9 айдың ішінде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар 196,8 миллиард теңгенің көлемінде әлеуметтік аударымдар жасаған. Демек, бір реттік өтемақыға кеткен шығын осы соманың тек 10 процентін ғана құрайды және жұмысшылардың есебінен төленді. Ал республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына ақша триллиондап бөлінеді.  

Депутаттар вирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төлеуді жалғастыруды талап етті 

Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленовтың айтуынша, қазіргі кезде бюджет есебінен республика бойынша заманауи инфекциялық стационарлар салынып, сол жерде қымбат медициналық техника орнатылып жатыр. Коронавирустың екінші толқыны басталған жағдайда мыңдаған төсек орын жасақталады. Алайда кәсіби медицина мамандары болмаса, заманауи ғимараттар да, төсек орындар да, техника да көмектесе алмайды. Сондықтан алдымен медицина қызметкерлерін қолдау қажет.

"Биыл денсаулық саласына 1,5 триллион теңге бөлініп отыр. Осы қаржыны біршама үнемдесе де, ақша табуға болады. Мысалы, міндетті мемлекеттік сақтандыру қорының аппаратына кететін шығындарды азайтып, штатын қысқартса, біраз қаржы үнемделеді. Бұдан бөлек, "СК-Фармация" компаниясы бар. Оған да кететін қаражатты азайтуға болады. Ондай мекемелер көп. Дәрігерлердің өтемақысына тиіспей-ақ бәрін реттеуге мүмкіндік бар ғой", - деді Қайырленов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Үстемақы қала береді

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша коронавирусты жұқтыру қаупі бар жерде жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақы қала береді. Оны қауіптің деңгейіне қарай төлейді:

  • "Қауіптілігі аса жоғары" — жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы – 850 мың теңге;
  • "Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Оларға 425 мың теңге төленеді;
  • "Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқа мамандар. Үстемеақы 212,5 мың теңге шамасында қарастырылған.