НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. 2020 жылы 11 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Оларға қандас мәртебесі берілді (бұған дейін оралман - Sputnik). Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
1 қазандағы жағдай бойынша 10,9 мың адам Қазақстанға оралды. Жалпы 1991 жылдан бері елге 1 миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралды.
"Осы жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Қытайдан, 27,7%-і – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және 2,9% басқа елдерден", - делінген хабарламада.
Келген этникалық қазақтар, негізінен, Алматы және Маңғыстау облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қоныстанды.
Қандастардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті. 10,3%-і - зейнеткерлер.
Еске сала кетсек, енді этникалық қазақтар 1991 жылға дейін шет мемлекетте тұрғанын растамайды. Сондай-ақ, "оралман" сөзінің орнына қандас термині қолданылады.