АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығы "Борат-2" фильміне қарсы шыққан азаматтардың өтінішіне жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Дипломатиялық миссия 23 қазанда "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы наразылық білдірушілер тобынан петиция түскенін айтты. Сонымен қатар Америка құрама штаттары үкіметі бұл фильмді қаржыландыруға, түсіруге немесе шығуына қатыспағанын мәлімдеді.
"Өз ойын білдіру бостандығы мен бейбіт жиындарға еркіндік беру – АҚШ Конституциясында көрсетілген құқықтар. Сондай-ақ АҚШ үшін де, Қазақстан үшін де негізгі құндылық болып табылады. Біз азаматтардың өз ойын бейбіт түрде білдіру қабілетін қолдаймыз. Дәл осы мүмкіндік біздің елдерді мықты етеді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар хабарламада АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозердің екі ел арасындағы қарым-қатынасына анықтама берді.
"АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас – штаттарда оқып, жұмыс істейтін көптеген қазақстандықтың, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдениеті мен дәстүрімен танысуға мүмкіндік алған көптеген америкалықтың тәжірибесі", - деді АҚШ елшісі.
Айта кетейік, 23 қазанда бір топ жас АҚШ Бас консулдығына жиналып, "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы шықты. Олар фильмге тыйым салуды талап етіп, петициясын ұсынды.
Ұйымдастырушылар бұл петиция арқылы қоғамда теріс реакция тудырған фильмнің көрсетілуіне тыйым салуды сұрайды, олардың пікірінше, ол бүкіл мемлекеттің беделін түсіреді.
Бұған дейін Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова британдық актер және режиссер Саша Барон Коэннің атышулы "Борат-2" фильмі туралы пікір білдірген еді.
Министрдің айтуынша, сенсациялық фильмнің Қазақстанда пайда болуы фактісін елемеуге болмайды.
"Борат" тарихы
Еске сала кетсек, "журналист" Борат Сагдеевтің Америкаға сапары туралы 2006 жылы шыққан фильм хитке айналды. Бұл фильмді шығаруға 18 миллион доллар кеткенімен, оны дайындағандар 261,5 миллион доллар пайда тауып, "Алтын глобус" иегері атанды және "Оскарға" ұсынылды.
Ал Қазақстанда фильм қоғам тарапынан наразылық тудырды. Фильм түсірушілерге елді қорлады деген айып тағылды.
Екінші бөлімнің сюжеті бойынша, ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Бораттың тағы да АҚШ-қа жолы түседі. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейтін болады.
Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар қосылды, олар #СancelBorat хэштегімен фильмге қарсы шығып жатыр.