НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. ҰҚК бөлімшелері Алматы қаласы мен Алматы облысында "Спрут-2020" жедел-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Олар ұшақты террористер басып алған жағдайда арнайы мақсаттағы жасақ не істейтінін көрсетті.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған роликте снайперлер жұмысы мен ұшақта "кепілге алынған" адамдар қалай босатылатыны көрсетілген. Сондай-ақ, "спецназды" тікұшақтан десаттау, ғимараттарды "лаңкестерден" босату тәсілдерімен танысуға болады.
"Оқу-жаттығудың мақсаты - терроризмге қарсы іс-шараларды өткізу және төтенше жағдайларға, мемлекеттік шекараны жаппай заңсыз кесіп өтуге жол бермеу. Бастысы, комитет бөлімшелерінің өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру", - деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар шара барысында жағдайды бағалаудың бірыңғай тәсілін және террористік қауіп-қатерді жоюға бағытталған тиімді шаралар жүйесін әзірлеу мәселесі пысықталды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша бөлімшелер қойылған міндеттерді сәтті орындап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы тарапынан жоғары баға алған.