Қоғам

Көктегі латифундистер мәселесі: Мусин президенттің қандай тапсырма бергенін айтты

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта телекоммуникация желілерінің бас схемасы жасалып, соның негізінде бақылау шаралары жүргізіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернеттің сапасына әсер етіп отырған негізгі факторларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біріншісі – интернет сапасына қатысты заңнамалық қатаң талаптардың болмауы. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 проценті радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары арқылы салынған. Үшіншіден, телекоммуникациялық операторларға төмен айыппұл салынады және 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайды", – деді Мусин сенатта өткен үкімет сағатында.

Осы орайда, министр президентпен болған кездесуде маңызды бір мәселенің көтерілгенін жеткізді. Ол – радио жиіліктердің латифундизмі. Ондайда шағын телекоммуникациялық операторлар радио жиіліктерді алады да, бірақ оны қолданбай отырады. Осыған байланысты мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді. 

"Радиожиіліктер табиғи ресурс болғандықтан оны тиімді пайдалану аса маңызды. Біз арнайы аудит жасап, қолданылмайтын жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарттар мен заңнамаға өзгерістер енгізу керек", – деп атап көрсетті Мусин.

Оның айтуынша, алдағы уақытта телекоммуникация желілерінің бас схемасы жасалады. Соның негізінде бақылау шаралары жүргізіледі. Интернет сапасына қойылатын талаптар да белгіленеді.

"Сондай-ақ, тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалануға тыйым салатын боламыз", – дейді Мусин.

Оқи отырыңыз: Ауылды жерлерге интернет жеткізетіндерге субсидия бөлінеді – министр