Қоғам

"32 мың адам ұсталды": депутат алтын іздеушілерді қылмыстық жазаға тартуды талап етті

Депутаттың пікірінше, алтын іздеушілер мен сатып алушыларды Қылмыстық кодекстің 196-бабы бойынша жауапқа тарту мүмкін емес
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Альберт Рау бас прокурорға сауал жолдап, заңсыз алтын іздеушілерді қылмыстық жазаға тартуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бірқатар аймақта ұзақ жылдан бері алтын шикізатын ұрлау әрекеттері тыйылмай келеді. Әсіресе, Ақмола облысындағы "Қазақалтын" тау-кен концернінің жағдайы ушығып кеткен. Ол жерде 2015-2020 жылдары аралығында кәсіпорынға қарасты нысандарда 32 мыңнан астам заңсыз алтын іздеушілер ұсталған", – деді Рау мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзерістер енгізілген болатын. Оған сәйкес, қорғалатын нысанға заңсыз кіргені үшін 15 АЕК көлемінде (1 айлық есптік көрсеткіш – 2 778 теңге) айыппұл қарастырылған, я болмаса, екі аптаға қамауға алады. Бірақ осы шаралар да жағдайды түзете алмады, тәртіп бұзушылықтар әлі де азайған жоқ.

"Мәселен, 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында 5 700 заңсыз алтын іздеушілер ұсталып, полицияға тапсырылды. Олардың басым бөлігі – 4 400 адам тәртіп бұзушылықты екінші рет жасаған. Бірақ 3,5 адам ғана жауапқа тартылды", – деп атап көрсетті Рау.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз алтын іздеушілер жарылғыш заттарды жиі пайдаланады. Сол үшін қылмыстық істер де қозғалады. Бірақ алтын іздеушілер мен сатып алушыларды Қылмыстық кодекстің 196-бабы (көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі алтын шикізаты "қылмыстық жолмен табылған мүлiк" болып саналмайды.

Оқи отырыңыз: Екі "қара" алтын іздеуші "Қазақалтын" шахтасында қаза тапты

"Осылайша, заңсыз алтын айналымы өндіруші компаниялардың жұмысын қиындатып отыр. Экономикаға да айтарлықтай шығын келтіруде. Себебі біраз салықтар мен төлемдер бюджетке түспейді. Осыған байланысты бақылауды күшейтіп, асыл металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жазаны енгізуді сұраймын", – деді Рау.