Өңірлер

Көлікпен адам қаққан: Қызылордадағы жанжалдан кейін бірнеше іс қозғалды

Жанжал кезінде күзетшілердің бірі аспанға бір мәрте ескерту оғын атып, автокөлікпен кісі қаққан. Сондай-ақ ауыл тұрғындары заңгерді ұрып, дене жарақатын салған
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 қазан – Sputnik. Қызылорда облысында күріш алқабындағы жанжалдан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

11 қазанда Сырдария ауданының Тоқмағамбетов ауылындағы күріш егістігінде "Тоқмағамбетов жер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі егістікті күзетуші мен ауыл тұрғындарының арасында жанжал шыққан.

Егістік күзетшілеріне белгісіз азаматтар күш қолданған. Күзетшілердің бірі қызметтік травматикалық қарумен ("МР-47") аспанға бір мәрте ескерту оғын атқан. Одан кейін автокөлікпен кісі қаққан.

Қызылорда облысы полиция департаментінің хабарлауынша, осы дерек бойынша Сырдария аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 252-бабы (жекеше күзет қызметтері қызметшілерінің өкілеттіктерін асыра пайдалануы) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жанжал кезінде "Тоқмағамбетов жер" ЖШС заңгерін ауыл тұрғындары ұрып, дене жарақатын салған. Соған байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтамай бұзақылық қылмысын жасау) қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу облыс прокуратурасы және полиция департаменті бастығының бақылауына алынды.

"Сырдария ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қандай да бір заңсыз іс-әрекеттер жасамаған және  кәсіпкерлікке кедергі келтірмеген. Қызметкерлер заң шеңберінде өздеріне тиісті міндеттерін атқарды", - деді Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметi басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев.

Оның айтуынша, құзырлы органдардың өкілдері жиналған тұрғындарға заң шеңберінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазір "Асқар Тоқмағамбетов жер" шаруа қожалығы мен жергілікті халық келісімге келді.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында "Асқар Тоқмағамбетов Жер" ЖШС егістік алқабына егілген 105 гектар күрішті жинап алу кезінде екіжақты келіспеушілік болғаны хабарланды. Іске Қызылорда облысы әкімдігі араласып, мәселе шешілді.