РФ қорғаныс министрлігінің полигондарында С-500 "Прометей" жүйесінің сынақтары аяқталуға жақын қалды, зымырандардың сынақтан өткенін барлық жарияланған сипаттама растап отыр, сондықтан ол жаппай өндіріске толығымен дайын. Шетелдік тапсырыс берушілердің С-300 және С-400-ге деген сұранысы С-500-дің де халықаралық нарыққа сәтті шығуын болжауға мүмкіндік береді.
Америкалық Military Watch сараптамалық басылымы "Прометейдің" Алжир, Беларусь, Қытай, Үндістан және Иран елдерін қамтитын алғашқы бес әлеуетті тапсырыс берушісін анықтады. Неліктен бұл елдер? АҚШ пен бірқатар батыс елінің милитаризациясы – НАТО-ның бұрынғы әскери операцияларының тәжірибесі.
Ал бұл әлемдегі көптеген көршілес елді алаңдатады (Ресей мен Қытайды ғана емес), сондықтан оларды ұлттық әуе қорғаныс жүйелерін нығайтуға мәжбүр етеді. Бұл ретте, шетелдік тапсырыс берушілердің Ресейде жасалған, сан алуан қауіп-қатерге тиімді қарсы тұруға қабілетті С-300, С-400 және С-500 жүйелеріне деген сұранысы өсіп келеді.
Алжир қырғи-қабақ соғыс кезінен бастап ресейлік қару-жарақ жүйелерін иемденіп келеді және бүгінде ол әуе қорғанысының ең жаңа кешендеріне ие.
Олар:"Панцирь" зениттік-зымырандық зеңбірек кешені және кейбір мәліметтер бойынша С-400. Military Watch басылымы алжирлік сарапшылар НАТО-ның 2011 жылдың жазы мен күзінде қорғаныссыз қалған көршілес Ливияға жасаған әуе шабуылдарының аясында алдыңғы қатарлы ресейлік әуе қорғаныс жүйелеріне қолжетімділікті жоғары бағалады деп жазады. Сонымен қатар, батыс бесінші буын жойғыштары мен гипердыбысты ұшақтарды да (2020 жылдардың аяғында) белсенді пайдалануға көшуде. Күн санап артып келе жатқан әскери қауіптің орнын толтыру үшін Алжир С-500 жүйелері мен Ресейде жасалған Су-57 ұшақтарын алуға мүдделілік танытып отыр.
Беларусьтің қорғаныс бюджеті салыстырмалы түрде қарапайым, 2020 жылы – шамамен 623 миллион доллар. Алайда, Шығыс Еуропадағы әскери-саяси турбуленттілік пен Беларусь шекарасына жақын орналасқан НАТО әскери күштерінің белсенділігі ескеріле отырып, Минск С-500 жүйесін "достық бағамен" жеткізілуіне сенім арта алады. Беларусьтің "НАТО аумағының" тереңдігінде жойғыш қару-жарақтар мен ұшақтарға соққы бере алатын мүмкіндігі Ресей үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді.
Қытай алғашқылардың бірі болып заманауи ресейлік әуе қорғаныс жүйелерін - С-300PMУ-2, С-400 зениттік-зымырандық кешенін, сондай-ақ, Су-27 және Су-35 жойғыштарына арналған Р-77 "әуе-әуе" зымырандарын алды. Қытайлық сарапшылар өздерінің әуе шабуылына қарсы бірнеше тиімді қорғаныс жүйесін жасады, бірақ Ресей аэроғарыштық қорғаныс жүйелері өзінің әлемдік көшбасшылығын сақтап қалды. Жақын ғарыш шекарасында, 100 шақырымнан астам биіктікте нысананы дәл көздеуге қабілетті "Прометейге" Қытайдың халық-азаттық армиясы қол жеткізсе, ол сөзсіз құнды дүниеге айналары сөзсіз. Жалпы, Бейжің америкалық қару-жарақ жүйелерінің жаңа буынының қауіп-қатеріне байыпты баға беруде.
Үндістан бірнеше онжылдық бойы Ресейдің қару-жарақ жүйелерінің, соның ішінде әуе шабуылына қарсы С-400 "Триумф" зениттік-зымырандық кешеннің бірнеше бөлімшесінің (2018 жылы келісімшарт құны 5 миллиард доллардан асты) ең ауқымды тапсырыс берушісі болып қалып отыр. Нью-Дели стратегиялық зымырандарды құруға барынша күш салып отыр, бұл ретте ол "ыстық аймақтар" үшін таптырмас "қабілетке" ие С-500 жүйесімен тиімді толықтырылуы мүмкін (бұл жерде Қытайдың WZ-8 ұшқышсыз ұшу ұшағы бар гипердыбысты әскери ұшағы пайда болған). Үндістанға Ресейдің сапалы қару-жарағын сатып алған жағдайда, АҚШ-тың экономикалық санкциялары салынатыны жөнінде бірнеше мәрте қоқан-лоққы жасалды, бірақ бұл ешқашан Нью-Делиге тосқауыл болған емес, соңғы үлгідегі С-500 "Прометей" жүйесін сатып алуға әсер етері де екіталай.
Иран 1988 жылы Иран-Ирак соғысы аяқталған кезден бері кеңестік және ресейлік әуе қорғаныс жүйелеріне айтарлықтай қызығушылық танытып келеді. Иран армиясы жаңартылған алыс қашықтықтағы С-200 жүйелерімен, С-300PMУ-2 зениттік-зымырандық кешендермен қаруланған. Тегеран Таяу Шығыста АҚШ пен НАТО-ның "көрінбейтін" ұшақтарының қарқынына қарсы тұра алатын С-400 "Триумф" жүйесінің жетекші әлеуетті тапсырыс берушісі саналады. Болашақта Иран соңғы үлгідегі С-500 "Прометей" жүйесіне де қызығушылық таныта алады. Естеріңізге сала кетейін, қазан айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тегеранға қару-жарақ сатуға салған эмбаргосы тоқтатылды, ал Ресей, тіпті Американың экономикалық санкцияларының қауіп төндіруіне қарамастан, Иран Ислам Республикасына қару-жарақ жеткізуден бас тартпайтын болады.
С-500 жүйесінің баламасы жоқ, сондықтан оны отандық және шетелдік әскери сарапшылар мойындайды. Бұл жерде "Прометей" "Триумфты" алмастырмайды (ол 5 метрден 60 шақырымға дейінгі биіктікте жұмыс істейді), ол өте алыс қашықтықтағы стратегиялық нысандарды (төмен орбиталық спутниктер, гипердыбысты қанатты зымырандар, құрлықаралық баллистикалық зымырандар, ғарыштық авиация, ауыр бомбалаушылар) жоюға арналған. Төмен биіктікте және қашықта орналасқан С-400 жүйесі де осы нысандарды соққыға алады, бірақ "Триумф" әуе қорғанысы мен зымыран қорғанысының интеграцияланған жүйесінде ұсақ және құндылығы төмен объектілерді: "көрінбейтін" жойғыштарды, тактикалық баллистикалық және қанатты зымырандарды тиімді түрде бейтараптандырады.
Көрнекті тактикалық-техникалық сипаттамалар С-500-ді ғарышқа қарсы қорғаныс жүйелерінің бірінші буынына айналдырып отыр. "Прометей" 600 шақырымға негізделген жою радиусына ие және осы қашықтықта бір мезгілде сағатына 25 мың шақырымға дейін, 200 шақырымға дейінгі биіктікте ұшатын онға тарта нысанды (қанатты және баллистикалық зымырандар) жоюға қабілетті. Бұл F-22, F-35 және B-2 ұшақтарының С-500 радарына көрінбейтіндігіне күмәнмен қарайтын америкалық мамандарды қатты алаңдатары сөзсіз.
АҚШ ғарыштық шабуыл қаруларын жасап жатыр және болашақта оны Еуропада орналасқан әскери базаларын қолдана отырып, Ресейге қарсы алдын-ала соққы беру үшін қолдануы мүмкін. Алайда, С-500 "Прометей" жүйесі америкалық әзірлемелерден технология жағынан едәуір озық тұр. Мысалы, 600 шақырым – бұл нысанаға соққы беру сызығы, С-500 тіпті бұдан алыс қашықты "көреді". "Прометей" Қырым түбегінің аумағынан бүкіл Қара теңіз аймағы мен Мәрмәр теңізі арқылы әуе кеңістігін басқара алады және Болгария мен Румынияның (Бухарестті қоса алғанда) әуе кеңістігін қамтиды. Ұрыс жағдайында С-500 Калининград облысынан Солтүстік пен Балтық теңіздерін байланыстыратын Скагеррак бұғазындағы қанатты зымырандар мен "көрінбейтін" F-35-ті дәл көздей алады. Қажет болса, Литва, Латвия және Эстонияның шағын әуе кеңістігін айтпағанда, Берлин мен Дрезденнің, бүкіл Польшаның әуе нысандарына соққы бере алады. Алайда, соңғы үлгідегі С-500 жүйесі, ең алдымен, Батыс әскери округі әскерлері мен Ресейдің әртүрлі қашықтықтағы зымырандық жүйелерінің тиімді орналасуын қамтамасыз етуге қабілетті қалқан.
Ресей Федерациясының қарулы күштері 2021 жылы "Прометейдің" алғашқы үлгілерін алады. С-500, С-400 және С-300 зениттік-зымырандық кешендер біртұтас (интеграцияланған) аэроғарыштық қорғаныс жүйесіне енеді. Бұл Ресейді алуан түрлі қауіп-қатерден қорғауда тиімді болады және көрші елдер мен аймақтардағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Кейін Мәскеу одақтастарымен және жақсы серіктестерімен өзінің жаңа қорғаныс қабілеттерімен бөліседі, сол кезде С-500-ге тапсырыс берушілердің тізімі бұдан да ұзақ болады. Соңғы үлгідегі "Прометейдің" айрықша тартымдылығы күмән тудырмайды, өйткені мұндай әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің ел ішінде орналасуы кез келген агрессордың іс-қимылын әдеуір деңгейде бәсеңдетері анық.