Әлем

Жээнбеков Бішкекте төтенше жағдай режимін қайтадан енгізуге мәжбүр болды

Қала аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы бірінші жарлыққа тоғызыншы қазанда қол қойылған еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкек аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы екінші жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Режимді қайтадан енгізуге Жогорку Кенештің бұған дейін енгізілген төтенше жағдай режимі туралы мәселені үш күн ішінде қарамауы себеп болған.

Жаңа жарлықта ТЖ режимі ел астанасының аумағында 12 қазан кешкі 20.00-ден 19 қазан таңғы 07.00-ге дейін күшінде болатыны айтылған. Бұрынғы жарлықта төтенше жағдай режимі 21 қазанға дейін жарияланған еді.

Президент мұндай жарлықты Қырғызстандағы тұрақсыз саяси жағдайға байланысты шығарды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алмазбек Орозалиев сол күйі комендант болып қалды.

Төтенше жағдай режимінің талаптары өзгерген жоқ.

Бұған дейін Орозалиев ТЖ режимі бойынша комендатура бұйрығын шығарды. Оған сәйкес, қалада 10 қазаннан бастап коменданттық сағат енгізілді, ол әр күн сайын 21.00-ден 05.00-ге дейін күшінде болады. Бұдан бөлек, Бішкекке әскер кіргізілді.

Тағы оқыңыз: Алмазбек Атамбаевты ұстаған сәттің видеосы жарияланды

Ал бүгін Орозалиев президенттен ТЖ режимінің мерзімін ұзартуды сұрады.

Қырғызстандағы қақтығыс

5 қазанда Бішкекте парламенттік сайлаудың нәтижелеріне наразы митингілерден кейін тәртіпсіздіктер басталды. Жеңіліс тапқан партиялардың жақтаушылары президент әкімшілігі мен Жогорку Кенештің бір палаталы парламенті орналасқан "Ақ үй" ғимаратын басып алды. Ғимарат бүлініп, өрт шыққан.

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков және депутат Садыр Жапаров түрмеден босатылды.

Содан кейін бүкіл елде тәртіпсіздіктер басталды. Ел астанасындағы ірі өндірістік кәсіпорындар мен шетелдік компанияларды тартып алуға әрекет жасалды. Алайда ел президенті төтенше жағдай режимін енгізбеуге және қауіпсіздік қызметкерлеріне "қан төкпеуге" бұйрық берді.

11 қазанда Алмазбек Атамбаевтың Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталғаны хабарланды.