Таулы Қарабақта не болып жатыр?

Баку мен Ереван арасында көп жылға созылған әскери-саяси текетірес салдарынан Таулы Қарабақтағы қақтығыс ушығып тұр
Sputnik

Жанжалдың тікелей қатысушылары - Баку мен Ереван саналы немесе еріксіз түрде Мәскеуді шиеленіске тартып, ТМД мен ҰҚШҰ қауіпсіздік жүйесіне кері әсерін тигізуде.

Таулы Қарабақ мәселесі әскери жолмен шешілмейді. Қақтығысқа түрткі болған қос тарап –  Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ үш тең төраға - Ресей, АҚШ және Франция бастаған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы осы ұйғарыммен келіседі. Келіссөздер үдерісі баяу және күрделі жүріп жатыр, бірақ 27 қыркүйекте ауыр артиллерияны, танкілерді, зымыран кешендері мен соққы жасайтын ұшақтарды қолдана отырып, белсенді соғыс қимылына көшудің айтарлықтай себебі жоқ еді.

Таулы Қарабақта соғыс жағдайы енгізілді: бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар
Армения мен Әзербайжанның әскери ведомстволарының жойылған жау танкілерінің видеосын, екі жақтың шығындары туралы үрейлі статистиканы жарыса жариялаудағы "бәсекелестігі"  аяныш сезімін туғызары анық. Мәселеге объективті түрде қарасақ, бұл шиеленіс екі жаққа да тиімсіз. Егер қос тарап келіссөзге келмесе, соңы күтпеген жағдайға алып келуі мүмкін. Мәселен, шетелдік бітімгершілік күштерін енгізу (қауіпсіздік аймақтарын қалыптастыру) немесе жағдай одан әрі ушығатын болса, Оңтүстік Кавказда ҰҚШҰ (ең алдымен Ресей) және НАТО (Түркия) елдерінің  қатысуымен үлкен соғыс өрті тұтануы да ғажап емес.

Әзербайжан мен армян халқы аралас тұратын аймақта қақтығыс 1988 жылдың ақпанында басталған, сол кезде Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан құрамынан шығатынын жариялаған еді. Бітімгершіліктің алғашқы кезеңінде КСРО ІІМ ішкі әскерлеріне орасан салмақ түсті, олар үш жыл бойы белсенді қарулы қақтығысты тоқтата алды. Кеңес Одағы ыдырап, әскери күштер шығарылғаннан кейін шиеленіс қайта қарқын алды. 1994 жылға қарай Әзербайжан Таулы Қарабақтың көп бөлігі мен оған жақын орналасқан жеті облысқа бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылды.

Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысты ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясындағы келіссөздер 1992 жылдан бері жүргізіліп келеді,  қарулы қақтығыс ауық-ауық күшейіп кетеді.

Таулы Қарабақтағы әскери шиеленіске байланысты қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатыр. Әзербайжан мен Армения текетірестің басталуына бірін-бірі айыптап, өз әрекеттерін қарулы арандатушылықтарға берілген жауап деп есептейді. Осыған орай, дүйсенбіде Әзербайжанда ішінара мобилизация жарияланды, президент Ильхам Әлиев республиканың бірқатар қаласы мен аймағында әскери жағдай енгізді. Ал Арменияда бұдан бір күн бұрын әскери жағдай енгізілген болатын.

Әзербайжан билігінің хабарлауынша, 27 қыркүйекте армян әскерлері "қауіпсіздік белдеуі" деп аталатын жеті ауылдан шығып кеткен (кеңестік кезеңде Әзербайжанның бұл аумағы Таулы Қарабақ автономиялық облысының құрамына кірмеген және 1990 жылдардың басында армян күштерінің бақылауына өткен).

Армения ер адамдардың елден кетуіне тыйым салып, Әзербайжанда интернет шектелді
28 қыркүйекте таңертең әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян: "Біз өз позицияларымызды жоғалттық, әлі де жоғалтамыз, бірақ біз басқа позицияларға ие боламыз" деп атап өтті. Қазір қақтығыс жалғасуда.

Баку мен Ереван қуатты зымырандық кешендерді, соққы беретін ұшақтарды пайдаланып, "тарихи әділеттілікті" қалпына келтіргісі келеді. Алайда одан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Сондықтан  27 қыркүйекте ауыр артиллерия мен танкілерден кімнің бірінші болып оқ жаудырғаны, кімнің ұрыс даласында басымдылық танытқаны маңызды емес. Қазіргі таңдағы басты мәселе - Таулы Қарабақ шекарасындағы қарулы қақтығысты тоқтату, келіссөзге қол жеткізу, адам өмірін сақтау. Бұл ретте тараптар өз одақтастары алдында тұрған міндеттерін де ұмытпауы керек.

Егер Баку мен Ереван өздерін Мәскеудің одақтасы деп санайтын болса, олар Ресейдің ұстанымын ескеріп, бұл жанжалдың аймақтық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына кері әсер тигізетінін түсінуі қажет. Қарулы қақтығысқа қатысушылардың қарама-қайшылықтарын, оған қатысты айтылған салмақты аргументтерді ескерген күннің өзінде Ресейге Кавказдағы соғыстың өршуі керек емес. Сондықтан Ресей сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақ шиеленісіне қатысушы тараптарды "қақтығысты дереу тоқтатуға" шақырды.

Сонымен қатар, Таулы Қарабақтағы текетірестің өршуіне халықаралық қауымдастық сындарлы көзқарас танытып отыр. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Иран алаңдаушылық білдіріп, өз көмегін ұсынуда. Тек Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "күш қолдану" сценарийін қолдап отырғанға ұқсайды, бірақ ол сөз жүзінде ғана. Себебі Анкара Оңтүстік Кавказдағы қауіпті ойынға қатысса, бұл оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені Арменияға бағытталған шабуыл міндетті түрде ҰҚШҰ-ның қарсылығын, яғни Ресеймен арада соғыс өртін туғызады.