Әлем

Трамп Навальный төңірегіндегі мәселені жылы жауып қойды – саясаттанушы

Америкалық сенаторлар Алексей Навальныйға қатысты оқиға бойынша Ресейге қарсы санкция енгізу туралы заң жобасын енгізді. "Sputnik" радиосының эфирінде саясаттанушы Владимир Можегов осы жайында пікір білдірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек — Sputnik. Америкалық бір топ сенатор Алексей Навальный төңірегіндегі оқиға бойынша Ресейге қарсы санкция енгізу туралы заң жобасын ұсынды, деп жазды республикашыл-сенатор Марко Рубионың сайты.

Бұл құжат "халықаралық құқықты ашық бұзуға", сондай-ақ, Навальныйдың "улануына" қатысы бар Ресейдің ресми азаматтарына шектеу шараларын егізуді көздейді.

Дональд Трамп Тоқаевқа жеделхат жолдады
Заң жобасы америкалық биліктен Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасындағылардың қаржысына қатысты не білетіні туралы конгресс алдында есеп беруін талап етеді. Сонымен қатар, ол Ақ үйді "Ресей химиялық және биологиялық қаруды жоятын АҚШ заңдарын бұзды ма? " деген сауалға жауап беруге міндеттейді.

Марко Рубиодан бөлек, құжатты республикашыл-сенатор Митт Ромни, демократтар Крис Кунс, Бен Кардин және Крис Ван Холлен мақұлдады.

Енді заң жобасын қабылдау үшін сенат пен өкілдер палатасы қолдап, АҚШ президенті қол қоюы тиіс.

"Sputnik" радиосының эфирінде Владимир Можегов сенаторлар бастамасына қатысты пікір білдірді.

"Бұл таза қоғамдық жұмыс. Бұл жерде қандай мәселе болуы мүмкін? Тіпті қисынға келмейтін дүние. Мұның бәрі кедейлердің пайдасына, сайлау алдындағы науқанды ушықтыруға қатысты әңгімеге келіп тіреледі. Ал Навальный туралы іс демократтардың күн тәртібінде тұр. Республикашылдар бұл мәселеге барынша немқұрайлылық танытып отыр. Менің ойымша, олар алдағы уақытта да бұл әңгімеге араласпайды. Трамптың өзі бұл жәйтті алыстан мұқият орағытып алып келді. Ал мемлекеттік хатшы Майк Помпео оқиғаға қатысты барлық факті толық анықталған кезде ғана реакция таныту қажеттігін, ал қазір жағдайдың қалай өрбитіні түсініксіз екенін атап өтті", - деді Владимир Можегов.

Оның пікірінше, америкалықтардың немістерден Навальный туралы мәлімет алуына мүмкіндігі бар. Алайда олар ешқандай сауал жібермеген.

"Ол санкция салуға қандай да бір негіз болар еді. Бұл бұлыңғыр оқиға болғандықтан, Трамп оның тереңіне үңілгісі, демократтардың арбауына түскісі келмейді. Демократтар бұл тақырыпты күн тәртібіне батыл қояды, ал Трамп одан өзін алшақ ұстары сөзсіз", - деп есептейді саясаттанушы.

20 тамызда ұшақта Алексей Навальныйдың жағдайы күрт нашарлағандықтан, Омбы ауруханасына жатқызылған болатын. Дәрігерлер қандағы қант деңгейінің күрт түсіп кетуінен зат алмасу жүйесінің бұзылғанын мәлімдеді. Оған не түрткі болғаны әлі белгісіз, алайда Навальныйдың қаны мен зәрінен у табылған жоқ.

Кейінірек ол Германияға жеткізілді. Қыркүйек айының басында неміс үкіметі ресейлік оппозиционердің "Новичок" химиялық затынан уланғанын мәлімдеді. Мәскеу Берлин зертханасынан талдау нәтижесіне қатысты анықтаманы сұратқан болатын. Бірақ неміс тарапы үнсіз.

BND неміс барлау қызметінің 1990-шы жылдан бастап "Новичокқа" қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, оны батыстың 20-ға тарта мемлекеті, соның ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Чехия елдері де зерттеген.

Ресей президенттің 1992 жылғы жарлығына сәйкес, химиялық қару саласындағы зерттеуін тоқтатып, 2017 жылы осындай заттардың қорын толықтай жойып жіберген еді. Мұны химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым растады.