Экономика

Air Astana мен "ҚазМұнайГаз" 2022 жылы IPO-ға шығарылады 

"Самұрық-Қазына" 2020 жылдың соңына дейінгі жекешелендіру бағдарламасының белсенді кезеңіне қайтып оралмақ. Ол уақытқа дейін "Қазақтелеком" акцияларының 10%-ін сату көзделіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мен "Эйр Астана" АҚ-ны IPO-ға шығару 2022 жылға жоспарланып отыр, деп мәлімдеді "Самұрық-Қазына" қорының логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Ержан Тұтқышев.

Маусым айында экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия қор нарығындағы тұрақсыздық пен макроэкономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты активтерді жекешелендірудің жаңа мерзімін айқындады.

"Соңғы уақытта жағдайдың едәуір жақсарғаны көрінеді – қор биржаларында тұрақтылық байқалады, инвестициялық белсенділік деңгейі өсіп келеді. Осыған байланысты қор 2020 жылдың соңына қарай ірі активтерді бәсекелестік ортаға беруге дайындық жүргізудің белсенді сатысына оралатын болады", - деді Тұтқышев.

Биыл IPO-ға дайындық кезеңінен өтіп жатқан бірнеше компания биржаға шығу мерзімі кейінге қалдырылғаны жөнінде жариялады. Бұл кірісі айтарлықтай төмендеген мұнай-газ секторы мен авиация саласындағы қазақстандық компанияларға да қатысты. Осыған байланысты жақын арада "ҚазМұнайГаз" бен "Эйр Астананы" IPO-ға әділ бағамен шығару мүмкін емес.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мен "Эйр Астана" АҚ IPO-ға шығарудың жоспарлы мерзімі 2022 жылға көзделген. Бұл ретте, "Эйр Астана" АҚ-ның бизнес-жоспарын ескере келе, акциялардың қосымша эмиссиясын өткізу жоспарланған", - деді Тұтқышев.

Ол  дағдарыс басталған кезге дейін қордың портфельдік компанияларының қаржылық жағдайы тұрақты болғандығын, ал бұл үлкен шығынның болмауына әсер еткенін, сондықтан қазір акцияларды арзан бағамен сату орынсыз екенін атап өтті.

"Жылдың соңына дейін "Қазақтелеком" акцияларының 10%-і сатылады деген болжам бар", – деді Ержан Тұтқышев.

Қазіргі таңда "Самұрық-Қазына" қоры "Қазақтелекомның" 51% акциясына иелік етеді, яғни акциялардың бір бөлігі сатылғаннан кейін компания квазимемлекеттік болудан қалады, дегенмен, мемлекет стратегиялық бақылауды сақтайды.

"2021 жылы "Қазпошта" АҚ мен "Самұрық-Энерго" АҚ-ны стратегиялық инвесторға тікелей сату арқылы жекешелендіру жоспарланып отыр. Қор сатылым алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізеді. "Самұрық-Энерго" АҚ-ның энергетика және көмір өнеркәсібі саласы үшін маңыздылығын ескере келе, оған инвестор тартпас бұрын, акцияларды сату параметрлері мен оны жүзеге асыру шарттары үкіметпен келісіледі", - деп түсіндірді Тұтқышев.

"Қазмұнайгаз" басшысы президентке IPO-ға дайындық туралы баяндады
Сондай-ақ, 2022 жылы "Тау-Кен Самұрық" АҚ және "Qazaq Air" АҚ жекешелендіріледі. Алайда, бұл активтерді жекешелендіру әдісі әлі анықталған жоқ. Басқалармен салыстырғанда бұл компаниялар қалыптасу сатысында тұр, сондықтан оларды жекешелендіруді жүзеге асыру мерзімі 2022 жылға ауыстырылды.

 "2023 жылы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ны  IPO-ға шығару жоспарланып отыр. Бизнес-модельді қайта қарау және компанияның кіріс деңгейін арттыру үшін уақыт қажет", - деп түйіндеді Тұтқышев.

Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары Қазақстан үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы N1141 қаулысымен бекітілген және 168 компанияны қамтиды.

Қазіргі таңда жекешелендіру жоспарына қордың 8 ірі активі және 22 шағын активі енгізілген.

Бүгінде жоспардың 82%-і орындалды.  2016 жылдан бастап қор 138 активті жекешелендіруді аяқтады, оның ішінде 85 актив сатылды, 11-і қайта құрылды және 42-сі таратылды.