Құжатқа сәйкес Пентагон елге қосымша тағы мың сарбаз жіберуі тиіс және құрлықтағы әскердің бесінші корпусының қолбасшылығын осында қайта орналастырады. Вашингтондағылар мұның барлығын орындаудағы басты мақсат Еуропа бағытындағы Ресейдің мүмкіндіктерін шектеу екенін жасырмайды, деп жазады РИА Новости.
Еске салсақ, Польшада онсыз да ротациялық негізде америкалық әскери контингент орналасқан. Олардың саны шамамен 4,5 мыңға жетіп артылады. Алайда, ресми Варшава үшін бұл аздық етіп отыр. Өткен жыл бойы поляк саясаткерлер мен БАҚ ГФР емес, дәл осы Польша Еуропадағы АҚШ әскерінің басты базасы болуы керек екенін алға тартқан болатын. Мәселе тіпті тактикалық ядролық қаруды шығысқа көшіруді талқылауға дейін жетті. Мұның барлығы "агрессиялы Ресейге" қарсы тұру үшін қажет болса керек.
Нәтижесінде, жақын уақытта 12 мыңға жуық америкалық сарбаз бен офицер Германиядан шығарылады. Олардың шамамен жартысы АҚШ-қа оралса, қалған жартысы Еуропаның басқа елдеріне, соның ішінде, мың сарбаз Польшаға бағытталады. Ол жаққа броньді танкілік бригаданы жөнелтуді Пентагон аса қажеттілігі жоқ артық әрекет деп қабылдады. Сондықтан, Форт Трамп қағаз бетінде ғана қала берді.
Варшава мен Вашингтон арасындағы келісімшарт әскерді бағыттауды ғана емес, АҚШ Қарулы күштерінің озық командалық-штабтық инфрақұрылымы мен әскери дайындық орталықтарын дамытуды, әскери және көліктік авиация бөлімшелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы операция күштері, қолдау элементтері мен тылдық қамсыздандыруға жағдай жасауды қарастырады.
"Америкалық әскери қатысуды арттыру қауіпсіздік проблемасын шешпейтінін еске саламыз, - деді Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова. – Керісінше, ол онсыз да біздің батыс шекарада ушығып тұрған жағдайды шиеленістіріп жібереді, шиеленістің артуына ықпал етеді және байқаусыз әрекеттерге себепші болады. НАТО-дағылар бізге бұл күшейту екенін және оның ротациялық сипатта екенін айтуда. Бірақ, бұл ақиқатты бұрмалауға деген талпыныс. Жаңа мәмілені жүзеге асыру Польшада АҚШ-тың шабуыл жасау әлеуетін сапалы арттыруға мүмкіндік береді".
Америкалықтар басқа нұсқаны да қарастырды. Алайда, теңіздің арғы бетіндегі одақтастарды барлығы бірдей қонақ етуге асық емес. Осылайша, тамыз айының ортасында Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен кездесу қарсаңында Прага америкалық әскерилерді ел аумағында орналастыру үшін ешқандай себеп көріп тұрмағанын баса айтты. Оның айтуынша, қосымша күштерді орналастырудың еш мәні жоқ.
"Мені бұл таңғалдырған жоқ, - деді Sputnik радиосының эфирінде РСГУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Вадим Трухачев. – 2000 жылдардың басында америкалық ЗШҚ жүйесін Чехияда орналастыру туралы мәселе қарастырылған болатын. Бірақ, халықтың төрттен үш бөлігі бірден қарсы болды. Қоғам қолдауын жоғалтпауға тырысатын Бабиш осындай мәлімдеме жасады. Чехия аумағындағы америкалық әскери база туралы идея өзекті емес, себебі, саясаткерлер осыған қатысты түзетулер енгізіп жатады. Ел парламентіндегі тоғыз партияның бесеуі қарсы болады деп болжай аламын".
Сарапшы ел тағдырын өзгелер шешкен 1938-1939 жылдар Чехиядағылардың әлі күнге дейін жадында екенін айтты. Чехтардың басым көпшілігі шетелдік әскерилер, соның ішінде, америкалық сарбаздар Чехияда орналасқанын қаламайды.
Дональд Трамп маусым айында Пентагонға неміс еліндегі әскерилердің бір бөлігін шығару бойынша жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Мұның еш себебін атаған жоқ, бірақ, көптеген сарапшылар қорғанысқа бөлінетін қаражат көлемін арттыру туралы ұсынысын кері қайтара бергені үшін Берлинге Вашингтонның ренжіп қалғанын айтуда.
Бұрынғы одақтастардың араздығына америкалық экс-елші Ричард Гренелдің "Солтүстік ағын – 2" газ құбырының құрылысына қатысқаны үшін неміс компанияларын санкциямен қорқытқаны және ирандық ядролық мәміле бойынша Германияның ұстанымын сынға алғаны "ерекше үлес қосты". Берлиндегілер дипломаттың бұл пікірін мемлекеттің тәуелсіз саясатына араласу әрекеті деп бағалады.