Құны 80 млрд доллар болатын үш жүз жиырма миллиард текше метр газ – ауыз толтырып айтарлықтай. Анкараның жақында Қара теңізде газ қоры табылғаны туралы мәлімдемесінен кейін сарапшылар өз бағасын беруге және макроэкономикалық болжам жасауға кірісті, деп жазады radiosputnik.ria.ru.
Түркия өз қажеттілігін жаба ма, әлде, кемінде өңірлік деңгейдегі экспорттаушы бола ма деген мәселе төңірегінде талқылау басталды. Бәзбіреулер "түрік ағынына" күмәнмен қараса, біреулер кен қазынасын игеру шығынын есептеп жатты.
Кезекті сайлау 2023 жылы өтеді. Бір қарағанда, ауқымды пиар-науқан үшін әлі ерте секілді. Бірақ, билік дәл осы уақытқа қарай кен өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Сондықтан, үш жылдан кейінгі осы оқиғаға қатысты мақалалардың тақырыбы қазіргіден де дабыраға толы болмақ.
Түркия қазір "көгілдір отынның" шетелден жеткізілуіне толықтай тәуелді. Сондықтан, сайлау қарсаңында халыққа үміт сыйлаудың бағасы зор. Себебі, бұл елдің экономикалық проблемаларының басым бөлігінің шешімі іспеттес.
Sözcü басылымы мұнымен келіспейді: біріншіден, үш жылдың ішінде республика газды өндіру және қайта өңдеу процестерін ретке келтіруі екіталай. Екіншіден, алдағы жеті жылда өндіріс көлемі жылына 8-10 млрд текше метрді құрамақ. Бұл Түркия сұранысының бестен бір бөлігі ғана. Сондықтан, материал авторлары энергиялық тәуелсіздік қалыптасса да, ол жақын болашақтың еншісінде емес екенін айтады.
Әділдік пен даму партиясы билік еткен 18 жылдың ішінде түріктер жаңа табылған мұнайға 9 рет қуанып үлгерген. Алайда, кезекті сайлаудан кейін бұл ұмыт қала берген. Айта кетсек, сайлау алдындағы көмірсутекті дәстүр 65 жыл бұрын демократиялық партия көшбасшысы Аднан Мендерес премьер болған шақтан бері қалыптасқан, деп жазады басылым. Ол кезде газеттер "Фракияда мұнай кен орны табылды!" деген тақырыппен мақалалар жариялаған.