"Прометей" С-500 су жаңа зениттік зымырандық жүйенің пайда болуы Ресейге қатысты сыртқы қауіптің артуына байланысты орын алып отыр.
Елдің әуе кеңістігіне қол сұғу орын алған жоқ. Бірақ мұндай шақыртусыз келген "қонақтар" саны артып келеді. Осылайша, Пентагон "болжанбаған соққының" стратегиясын, тактикасын және технологиялық алгоритмдерін пысықтап жатыр. Ресей бұған қатысты әрекет жасап, ықтимал агрессордың ұшу аппараттарын бақылау мен жоюдың әлдеқайда тиімді құралдарын дайындауға мәжбүр.
"Прометей" С-500 зениттік зымыран жүйесінің сынақтан өтуі де аяқталып жатыр. Айта кету керек, сынақ барысында зымыран рекордтық 553 километрді еңсерді. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жүйені әскерге жеткізу 2020 жылы басталатынын айтты. Яғни, жақын күндері С-500 әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс жүйесі жауынгерлік кезекшілікте тұрады.
"Прометей" С-500 кешені ұзақ қашықтықта әрекет ете алатын айрықша зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жоғары әлеуеті бар "жер – әуе" әмбебап жүйелердің жаңа буынына жатады. Ол әуедегі барлық нысандарды, мейлі ол баллистикалық, аэродинамикалық, дыбыстан жылдам болсын, бүгінгі күні қолжетімді жылдамдықта жоюға қабілетті. Қажет болған жағдайда "Прометей" F-35 нысанын 4 секундта жойып, Жер орбитасындағы қарсыластың спутниктік топтарының күлін көкке ұшыра алады. Әрекетінің тиімділігі жағынан С-500 жүйесінің әлем бойынша баламалары жоқ және алдағы он жылда пайда болмайтыны анық.
Теңіз көкжиектері
"Прометей" "Триумфке" (4С-400) көмекке келіп, Ресей Федерациясының әуедегі және зымырандық шабуылға қарсы қорғаныстың бірыңғай жүйесінің негізіне айналады. Бұл әлеуетті қарсыластың көзге көрінетін және көрінбейтін барлау және соққы жасау ұшақтары Ресей шекарасынан 600 шақырым қашықтыққа дейінгі нысанада болатынын білдіреді.
Мысал ретінде қарастырсақ, Қара теңіз бағытында С-500 Қырымнан әлеуетті қарсыластың Бұқара, Анкара немесе Киев төбесінде "ойнақтап" жүрген жойғыштары мен стратегиялық бомбалаушыларын жоя алады. "Прометей" РЛС сәуле шығаруы Қара теңізден айтарлықтай қашықтықта "серіктестердің" барлаушы және соққы жасау авиациясының күнделікті белсенділігін төмендетіп, Пентагонның Румыниядағы жаңа базаларын жарамсыз етіп тастайды.
Америкалық The National Interest журналы "Прометейдің" сынақтан өтуін мазасыздана бақылап, былай хабарлады: "Жаңа заман қаруы болып табылатын бұл жүйе Мәскеудің қолында бар онсыз да қуатты С-400 аппаратын толықтыруға арналған... С-500 жүйесінің биіктіктегі нысандарды тек ұзақ қашықтықта жоюдың мінсіз мүмкіндіктеріне ие және ол "стелс" технологиясы бойынша дайындалған ұшақтармен күресе алады".
Расымен де, Пентагон үшін ресейлік жүйенің 600 километрлік қашықтықты еңсеруі жағымсыз жаңалық болып табылады. Бұл АҚШ ӘӘК мен оның одақтастарының қарқынын айтарлықтай бәсеңдетуге ықпал етері сөзсіз.
Шекараға қауіп төндірмесе, америкалықтарға және басқа да әлеуетті қарсыластарға уайымдаудың еш қажеті жоқ. "Прометей" қорғаныс үшін, сырттан қауіп төнген жағдайда жаяу әскер мен әскери-теңіз флотының күштерін жедел орналастыруға және "мәжбүрлі бітімгершілік" үшін тиімді әрекет етуге арналған жүйе.
Ғарыштағы биіктік
Ал АҚШ-тың бастамасымен жүзеге асатын бұл "жұлдыздар соғысына" қатысуға Ресейдің еш құлшынысы жоқ. Оның қажеті де шамалы. Себебі, "Прометейлердің" құрлықтағы желісі орбиталық қауіпті тез арада жоюға қабілетті болып отыр.
Сондықтан, бұл кез келген "жұлдызаралық флоттан" әлдеқайда тиімді әрі оңтайлы. Бас құрастырушы Павел Созинов С-500 Жерден жүздеген километр қашықтықта орналасқан нысандарды жою мүмкіндігі жайлы мәлімдеген болатын.
С-500 технологиясы әскер ісінде жаңа мүмкіндіктерді ашып, жақын ғарыш пен жаһандық геосаясатқа тікелей ықпал етіп отыр. Ресейде және посткеңестік кеңістікте ешкім бірыңғайланған, тереңдете эшелондандырылған әуе және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен бас тартпайды. С-500, С-400 және С-300 жүйелері ресейлік әуе кеңістігін түрлі қауіп-қатерден тиімді қорғайтын болады.
Сонымен қатар, С-500 мүмкіндіктері ТТХ-мен қоса, оның америкалық баламасы Patriot Advanced Capability-3 кешенінен әлдеқайда басым түседі. Мысырлық Sasapost басылымының мәліметі бойынша, ресейлік ӘШҚ-ЗШҚ жүйесі 500 миллион доллар тұрса, америкалық аталған кешеннің құны 1 миллиард долларға сатылып жатыр.