Қоғам

Ата-аналар кірмейді: мектептерде "кезекші сыныптар" қалай жұмыс істейтіні белгілі болды

Сыныптар кіші топтарға бөлінеді, топтарда оқушылар саны 10-15 баладан аспайды, сабақтар бір кабинетте өткізіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында оқушылар үшін "кезекші сыныптар" қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол 1 қыркүйекте елордалық мектептер мен колледждерде сабақ қашықтан оқыту форматында басталатынын атап өтті.

Ал бастауыш сынып оқушылары үшін "кезекші сыныптар" ашылмақ.

"Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, "кезекші сыныптар" ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады", - деді Қадырова онлайн брифингте.

Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі.

Айтуынша, санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер тепловизорлармен, дезинфекциялау құралдарымен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқыту кезінде қанша уақыт демалыс берілетіні белгілі болды

Осы орайда басқарма басшысы "кезекші сыныптардың" жұмыс алгоритміне тоқталды:

  • ата-аналар балаларды "кезекші сыныптарға" әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді;
  • мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді;
  • мектепке кірер кезде баланың дене қызуы өлшенеді;
  • қолды антисептикпен өңдеу және маска тағу міндетті;
  • барлық қабатта және әрбір "кезекші сыныпта" санитайзер орнатылады;
  • сынып желдетіліп, тазартылып отырады;
  • қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесі ашылады.

Білім басқармасының ақпаратынша, 2020-2021 жаңа оқу жылында елорда мектептеріне 202 мың оқушы барады. Былтыр 182 279 бала болған.

Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бүлдіршінді қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 12 453 өтініш берілді.