НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында оқушылар үшін "кезекші сыныптар" қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол 1 қыркүйекте елордалық мектептер мен колледждерде сабақ қашықтан оқыту форматында басталатынын атап өтті.
Ал бастауыш сынып оқушылары үшін "кезекші сыныптар" ашылмақ.
"Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, "кезекші сыныптар" ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады", - деді Қадырова онлайн брифингте.
Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі.
Айтуынша, санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер тепловизорлармен, дезинфекциялау құралдарымен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Тағы оқыңыз: Қашықтан оқыту кезінде қанша уақыт демалыс берілетіні белгілі болды
Осы орайда басқарма басшысы "кезекші сыныптардың" жұмыс алгоритміне тоқталды:
- ата-аналар балаларды "кезекші сыныптарға" әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді;
- мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді;
- мектепке кірер кезде баланың дене қызуы өлшенеді;
- қолды антисептикпен өңдеу және маска тағу міндетті;
- барлық қабатта және әрбір "кезекші сыныпта" санитайзер орнатылады;
- сынып желдетіліп, тазартылып отырады;
- қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесі ашылады.
Білім басқармасының ақпаратынша, 2020-2021 жаңа оқу жылында елорда мектептеріне 202 мың оқушы барады. Былтыр 182 279 бала болған.
Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бүлдіршінді қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 12 453 өтініш берілді.