НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Аталған құжат қос ядролық державаның әскери қуатын шектейтін соңғы құжат. Ендеше, халықаралық қауіпсіздік жүйесінің құлдырауы қандай қауіп төндіріп тұрғанына тоқталайық.
Қытайды қосу
СІМ басшысы СНВ-3 келісімшартының созылмауына байланысты байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның мәлімдеуінше, Ресей аталған құжатсыз-ақ өзіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы. СНВ-3 2010 жылы Ресей мен АҚШ президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обама арасында жасалған болатын. 2011 жылдың ақпан айында күшіне енген құжаттың мерзімі 2021 жылы аяқталады.
Келісімшарт Ресей мен АҚШ арсеналында ядролық оқ-қарудың 1550 бірлікке дейін, континентаралық баллистикалық зымырандардың, суасты қайықтардың баллистикалық зымырандарының және ауыр бомбалаушылардың 700 бірлікке дейін азайтылуын қарастырады. СНВ-3 келісімшартына СНВ-1-дің әрекет етуі аяқталғаннан кейін бір жылдан соң қол қойылған болатын. Егер 2010 жылдың алғашқы жартысында оның ұзартылуына ешкім күманданбаса, Ақ үйге Дональд Трамп келгелі жағдай өзгерді.
Вашингтон ұсынған тағы бір шарт Мәскеудің көңілінен шықпады. Шілде айының басында АҚШ президентінің қаруландыруды бақылау жөніндегі арнайы өкіл Маршал Биллингсли "Буревестник" зымырандары мен "Посейдон" дрондары жобаларын "сұмдық" деп атап, олар СНВ-3 шектеуіне жатпайтындықтан, оларды жабуға шақырды. Америкалықтар бұған дейін ресейлік жаңа қаруларды шектеуді талап еткен болатын. Соның ішінде "Цикрон" кемеге қарсы ядролық емес гипердыбысты зымырандары да бар.
"Бұл ядролық қоқан-лоққыны есепке алмағанда, АҚШ-тың бейбіт көшбасшылықты сақтап тұру үшін қысым көрсететін тетігі болмай қалғанын білдіреді. Экономикалық тұрғыдан олар қазірдің өзінде Қытайдан қалып отыр, ал әскери технологиялар реті бойынша Ресейден кейіндеп қалды. Сол себепті, Ресейді озық әзірлемелерден бас тартуға итермелеп келеді.
Келісімсіз позиция
Сергей Лавров Ресей келісімшартты созуға көндіруге тырыспайтынын айтты. Әйтсе де, Мәскеу әркез белгілі бір шегінуге дайын болып келді. Министр америкалықтармен СНВ-3 аясында ресейлік жаңа стратегиялық жүйелердің санын шектеу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады. Мұнда сөз "Авангард" жоспарлаушы гипердыбысты соғыс блоктары мен "Сармат" континентаралық баллистикалық ауыр зымырандар туралы болып отыр.
Алайда, Штаттар қандай да бір кері шегінім жасауы екіталай. Себебі, олар бұған дейін "Сендер не біздің талаптарымызға көнесіңдер, не біз келісімшарттан бас тартамыз" дегенді кесіп айтқан болатын. Әйтсе де, Ресей де, Қытай да өзінің ұлттық мүдделерін ысырып қойып, америкалықтардың шартына бас шұлғымайтыны анық. Бұл барлық халықаралық қауіпсіздік жүйесі толық өзгереді дегенді білдіреді.
Сан орнына сапа келсе
"Егер әскери саладағы халықаралық қауіпсіздік жүйесі туралы сөз қозғасақ, онда қазір оның жоқ екенін мойындауға тура келеді, - дейді "Отан арсеналы" журналының бас редакторы Виктор Мураховский. – Бұл жүйе КСРО мен АҚШ, кейіннен Ресей мен АҚШ арасындағы келісімшартқа сүйеніп келді. Алайда, соғыс кезіндегі қиын-қыстау уақытта қалыптасқан барлық жүйе бүгінде Вашингтон бастамасымен бұзылды".
Сарапшы СНВ-3 келісімшартынан басқа әзірше Зымырандық технологияларды бақылау режимі туралы келісімшарт қалғанын айтты. Алайда, америкалықтар бұл құжатты да өздеріне ыңғайлағысы келіп жатыр. Маусым айында ресейлік ақпарат көздерінде АҚШ келісімшарт ережелерін қайта қарастырып, түрлі елдерге ұшқышсыз ұшуға арналған әскери аппараттарды көптеп сатуды көздеп отырғанын жазған болатын. Бұл шарт келісімшарттың басқа қатысушыларының көңілінен шыға қоймасы анық.
"Енді барлығын қайта құрастыру керек болатынын сезіп отырмыз, - дейді Мураховский. – Ресей президенті осы мәселені талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің басын қосу туралы бастама көтеріп отыр. Мүмкін, шектеу болмаса да, ядролық қаруға бақылауды қарастыратын халықаралық келісімшртқа қол жеткізу мүмкін болар. Бірақ, Вашингтон мен Лондон позициясын ескерсек, бұл бастаманың келешекте болары екіталай".