Қоғам

Алматы әкімінің дәріханада кезекте тұрған сәті видеоға түсіп қалды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев орталық дәріханаға барған, қала тұрғындарымен тілдесіп, жағдайды көрген
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаладағы орталық дәріханаға барған видеосы тарады. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі әкімнің дәрі-дәрмектерге қатысты жағдайды өз көзімен көргісі келгенін айтты.

Видеодан қала әкімінің Гоголь мен Назарбаев  көшелерінің қиылысында орналасқан орталық дәріханада кезекте тұрған азаматтардың жанында тұрғанын көруге болады.

Сағынтаев дәріханаға кіруге кезекте тұрған қала тұрғындарымен әңгімелесті. Жанында дәріхана қызметкері ілесіп жүр.

"Әкім дәріханалардағы жағдаймен танысты", - деп жауап берді Sputnik Қазақстан тілшісіне қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта  кетейік, кеше облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қоймаларда дәрі-дәрмек жеткілікті екенін, дәріханаларда дәрілер жетпей жатса, аз уақытта жөнелтілетінін хабарлады.

"Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін осы жағдайға байланысты хайп жасайтын адамдар бар. Біз жеткізуді шектемейміз. Бәріне жібереміз", - деді әкім орынбасары.

Алайда БАҚ беттерінде қала тұрғындарының дәріханалардан қажетті дәрілерді таба алмай жатқаны айтылып жатыр.