Мәдениет

"Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек": Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты

Опера әншісі бірнеше жыл бұрын Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірген
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, опера әншісі, "Құрмет" сыйлығының иегері Нұржамал Үсенбаева Абай атындағы опера және балет театрынан кеткенімен, өнер сахнасынан алыстаған жоқ. Ол жақында жаңа бейнебаянын жарыққа шығарады.  Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында әнші шығармашылығындағы жаңалығы мен жоспарлары жайлы айтты.

"Індетке байланысты көптеген опера спектаклім, жеке концертім кейінге қалды. Әлем болып күрес жүріп жатқан аурудың емі табылып, баршамыз үлкен сахнада жолығамыз деп сенемін. Алайда карантин деп шығармашылығымды тоқтатқан жоқпын", – деп бастады әңгімесін халық әртісі.

Ғабит Мүсірепов бата берді

Халық әртісі театр сахнасында алғаш Қыз Жібек партиясын Қазақ ұлттық консерваториясының студенті кезінде орындаған. Сол қойылымды тамашалап отырған қаламгер-драматург Ғабит Мүсірепов әншіге батасын берген.

"Қыз Жібек" операсы – менің дебютым, өнердегі алғашқы қадамым. Консерваторияның студенті кезімде театрдың 50 жылдығына арнап жаңа қойылым қойылды. Режиссері – Байғали Досымжанов. Сол кезде пьеса авторы Ғабит Мүсірепов залда отырып, спектакль біткен соң сахнаға шығып батасын берді. "Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек" деп айтты. Ұлы драматургтің бір ауыз сөзі мен үшін бата", - дейді ол.

Халық әртісі кейінгі кезде "Гәкку" ариясын орындап жүрген әншілерге де оң бағасын берді. Әр орындаушының өз стилі, ерекшелігі болады, әрбір әншіні сүйіп тыңдайтын тыңдарманы тағы бар, деп толықтырды Үсенбаева.

"Гәкку" әнімен қатар халық әртісінің "Ақ желкен" әні де көпшілікке танымал. Бұл – әншінің жолдасы, белгілі сазгер Төлеген Мұхамеджановтың сағынышынан туған ән.

"Ақ желкен" әнін орындап жүргеніме 30 жылдан асты. Біз отбасы құрған соң алғаш ұзақ уақытқа гастрольдік сапарда жүргенімде Төлеген сағынышын ән арқылы жеткізген", - дейді әнші.

Отбасы жайлы азды-көпті әңгіме арасында Үсенбаева жолдасы екеуінің күнделікті бірге жаттығу жасайтынын да айтып қалды.

"Күнде таңертең жаттығу жасау – біз үшін міндет. Ол кісі маған үлгі, еңбек еткеніне қарап мен де жаттығамын. Денсаулық – ең бірінші байлық, ал сол байлықты сақтап қалу үшін ерінбей денсаулықты күтіп, еңбектену қажет", - дейді Үсенбаева.

Жаңа бейнебаян

"Опера әншілері эстрада әншілері секілді көп бейнебаян түсіре бермейді. Соған қарамастан менде бірнеше бейнебаян бар. Бірнеше жыл бұрын әнші Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірдік. Сәкен – керемет әнші, әдемі дауыстың иесі, жақсы азамат. Оның ұсынысын қуана-қуана қабылдадым", - дейді Үсенбаева.

Сол бейнебаянды көрермен жақсы қабылдағандықтан, опера әншісі қазір жаңа бейнебаян түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Көп созбай, жаңа бейнебаян шығарамын, деп бөлісті әнші.

"Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек": Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты

Халық әртісі Қазақстанның оңтүстігінде Арыс қаласында дүниеге келген. Әнші қайырымдылық концертін өткізіп, туған жеріндегі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып отырады.

"Арысым – алтын бесігім. Өткен жылы болған жарылысқа байланысты әрине, жаным ашиды, уайымдаймын, жерлестерімнің, жалпы қазақстандықтардың сан түрлі апаттан аман болғанын қалаймын, амандығын тілеймін. Мүмкіндігінше қайырымдылық концерттерін өткізіп, мұқтаж жандарға көмек беріп отырамын. Барша қазақстандыққа амандық пен береке тілеймін", - деп аяқтады әңгімесін Үсенбаева.