Мәдениет

"Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек": Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты

© Sputnik / Рамиль СитдиковаҚазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Опера әншісі бірнеше жыл бұрын Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірген

АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, опера әншісі, "Құрмет" сыйлығының иегері Нұржамал Үсенбаева Абай атындағы опера және балет театрынан кеткенімен, өнер сахнасынан алыстаған жоқ. Ол жақында жаңа бейнебаянын жарыққа шығарады.  Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында әнші шығармашылығындағы жаңалығы мен жоспарлары жайлы айтты.

"Індетке байланысты көптеген опера спектаклім, жеке концертім кейінге қалды. Әлем болып күрес жүріп жатқан аурудың емі табылып, баршамыз үлкен сахнада жолығамыз деп сенемін. Алайда карантин деп шығармашылығымды тоқтатқан жоқпын", – деп бастады әңгімесін халық әртісі.

© Photo : Нұржамал Үсенбаеваның жеке архивіненҚазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева
Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек: Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

Сонымен қатар Нұржамал Үсенбаева Шөмішбай Сариевтің сөзі мен Төлеген Мұхамеджановтың әніне жазылған "Аққуым" әні жайлы айтып берді.

"Бұл ән өзіме қатты ұнайды, дауысыма да сай келеді. Аққу – әр адамның арманы, қол жетпейтін арманы десе де болады. Өмір сонысымен қызық, адам соның жолында еңбектенеді, тырысады, арманға қол жеткізу үшін ізденеді. Адамның жалпы өмір жолы да дәл солай, адам бір дүниеге қол жеткізуі үшін талмай еңбектенуі қажет. Егер бойыңда бар қасиетті орнымен жарата алмасаң, одан пайда болмайды", - дейді әнші. 

Нұржамал Үсенбаева 1983-2016 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қызмет етті. Одан кейін астанаға қоныс аударды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік филармонияның солисі болып қызмет етеді. 

"Театрдан кетсем де, сахнадан кеткен жоқпын. Театрдағы әріптестерімнің шақыруымен опералық спектакльдерге, концерттерге барып, сүйікті театрымның сахнасында өнер көрсетемін. Мен үшін ең маңыздысы – сахна. Мені өсірген, тәрбиелеген, алғаш ән әлеміне, шығармашылыққа қадам жасатқан да Абай атындағы театр. Ал қазір өзім еңбек етіп жатқан филармония да кәсібилік жағынан өте жоғары деңгейде", - дейді Үсенбаева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Нуржамал Усенбаева (@nurzhamal_ussenbayeva)

Ғабит Мүсірепов бата берді

Халық әртісі театр сахнасында алғаш Қыз Жібек партиясын Қазақ ұлттық консерваториясының студенті кезінде орындаған. Сол қойылымды тамашалап отырған қаламгер-драматург Ғабит Мүсірепов әншіге батасын берген.

"Қыз Жібек" операсы – менің дебютым, өнердегі алғашқы қадамым. Консерваторияның студенті кезімде театрдың 50 жылдығына арнап жаңа қойылым қойылды. Режиссері – Байғали Досымжанов. Сол кезде пьеса авторы Ғабит Мүсірепов залда отырып, спектакль біткен соң сахнаға шығып батасын берді. "Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек" деп айтты. Ұлы драматургтің бір ауыз сөзі мен үшін бата", - дейді ол.

Халық әртісі кейінгі кезде "Гәкку" ариясын орындап жүрген әншілерге де оң бағасын берді. Әр орындаушының өз стилі, ерекшелігі болады, әрбір әншіні сүйіп тыңдайтын тыңдарманы тағы бар, деп толықтырды Үсенбаева.

"Гәкку" әнімен қатар халық әртісінің "Ақ желкен" әні де көпшілікке танымал. Бұл – әншінің жолдасы, белгілі сазгер Төлеген Мұхамеджановтың сағынышынан туған ән.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Нуржамал Усенбаева (@nurzhamal_ussenbayeva)

"Ақ желкен" әнін орындап жүргеніме 30 жылдан асты. Біз отбасы құрған соң алғаш ұзақ уақытқа гастрольдік сапарда жүргенімде Төлеген сағынышын ән арқылы жеткізген", - дейді әнші.

Отбасы жайлы азды-көпті әңгіме арасында Үсенбаева жолдасы екеуінің күнделікті бірге жаттығу жасайтынын да айтып қалды.

"Күнде таңертең жаттығу жасау – біз үшін міндет. Ол кісі маған үлгі, еңбек еткеніне қарап мен де жаттығамын. Денсаулық – ең бірінші байлық, ал сол байлықты сақтап қалу үшін ерінбей денсаулықты күтіп, еңбектену қажет", - дейді Үсенбаева.

Жаңа бейнебаян

"Опера әншілері эстрада әншілері секілді көп бейнебаян түсіре бермейді. Соған қарамастан менде бірнеше бейнебаян бар. Бірнеше жыл бұрын әнші Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірдік. Сәкен – керемет әнші, әдемі дауыстың иесі, жақсы азамат. Оның ұсынысын қуана-қуана қабылдадым", - дейді Үсенбаева.

Сол бейнебаянды көрермен жақсы қабылдағандықтан, опера әншісі қазір жаңа бейнебаян түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Көп созбай, жаңа бейнебаян шығарамын, деп бөлісті әнші.

© Photo : Нұржамал Үсенбаеваның жеке архивіненҚазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева
Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек: Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

Халық әртісі Қазақстанның оңтүстігінде Арыс қаласында дүниеге келген. Әнші қайырымдылық концертін өткізіп, туған жеріндегі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып отырады.

"Арысым – алтын бесігім. Өткен жылы болған жарылысқа байланысты әрине, жаным ашиды, уайымдаймын, жерлестерімнің, жалпы қазақстандықтардың сан түрлі апаттан аман болғанын қалаймын, амандығын тілеймін. Мүмкіндігінше қайырымдылық концерттерін өткізіп, мұқтаж жандарға көмек беріп отырамын. Барша қазақстандыққа амандық пен береке тілеймін", - деп аяқтады әңгімесін Үсенбаева.

Жаңалықтар
0