Ресеймен арадағы әскери-техникалық ынтымақтастық байланыстары аясында Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің базасына төрт жаңа Ми-35М тікұшағы жеткізілді. Бұған дейін осы санаттағы 8 тікұшақ сатып алынған болатын. Қазақстан әскери қару-жарақты сатып алу саласында жеткізуші компанияларды әртараптандыру саясатын ұстанса да, осы бағытта Ресеймен стратегиялық әріптестік байланыстарын ұстап отыр.
Ми-35М – бұл атышулы Ми-24 тікұшағының барынша жаңартылған нұсқасы, көпмақсатты әскери техника. Қарсыластың брондалған техникасын жойып, құрлықтағы әскерлерді оқпен қолдауға арналған. Десантты діттеген жеріне жеткізеді. Ішіне толығымен қаруланған 8 сарбаз сыяды. Бұдан бөлек, тікұшақпен жарақат алғандарды эвакуациялауға болады. Жүктерді тасымалдауға мүмкіндік бар. Ол үшін тікұшақтың аспасы да қолданылады.
Көпмақсатты тікұшақтың максималды жылдамдығы сағатына 300 шақырымға дейін жетеді. Жанар-жағармайды бір құйса, 550 шақырымға ұшады. 5 400 метрлік биіктікке көтеріліп, 2 400 келі салмақты алып жүре алады.
Тікұшақтың тұмсығында 23 миллиметрлік қосауық артиллериялық қондырғы орнатылған. Ішінде 450 снаряд бар. Бұдан бөлек, танкілерге қарсы 8 зымыранды, басқарылмайтын 122 миллиметрлік зымырандардың екі блогын немесе 80 миллиметрлік калибрдің төрт блогын алып жүре алады.
Бұрынғы Ми-24-пен салыстырғанда жаңа тікұшақта заманауи борттық радиоэлектронды құрал-жабдықтар бар. Цифрлық навигация мен индикация қарастырылған. Қозғалтқыштары да әлдеқайда мықты. Радиолокациялық станциялардың әсерінен қорғайтын детекорлар орнатылған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық армияны тиімді әрі заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұдан бөлек, әскери білімнің сапасын көтеру мен халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты күшейту міндеті қойылды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша үш жылдық бюджеттің көлемі 961 миллиард теңгені (2,55 миллиард доллар) құрайды. 2020 жылға 331,9 миллиард теңге қарастырылған.