НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты демалыс күндері карантин күшейтіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Төсек-орын қорының 71%-і бос болмауына және 7 күн ішінде ауырғандардың репродуктивті санының мәні орта есеппен R>1.3 болуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысының аумағында демалыс күндері 2020 жылдың 27 маусымы 00.00-ден 2020 жылдың 29 маусымы 00.00-ге дейін шектеу шаралары уақытша күшейтілсін", - делінген бас санитар дәрігердің қаулысында.
Тұрғындардан үйде отыруды өтінді
Билік облыс тұрғындарын көршілер, туысқандар мен әріптестердің үйіне қонаққа бармауға шақырды. Отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынды.
Облыс бойынша, сондай-ақ, елді мекендер арасында жаяу және жеке автокөлікпен жүру шектеледі.
Тек мына жағдайларда ғана сыртқа шығуға рұқсат:
- үйден жұмысқа бару және қайтып келу;
- үйге және жұмысқа жақын дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алу;
- шұғыл жағдаймен ауруханаға бару;
- үй жануарларын үй маңында серуендету.
Демалыста қандай нысандар жабылады
Қаулыға сәйкес, демалыс күндері бірқатар нысанның жұмысы уақытша тоқтайды:
- сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (супермаркеттер мен гипермаркеттер);
- бизнес-орталықтар;
- автокөлік, киім-кешек, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар базарлары;
- қоғамдық көлік;
- сұлулық салондары, шаштараз, тырнақ бояу студиялары, барбер-шоп, солярий, массаж орталықтары және қызметтер саласының осыған ұқсас нысандары;
- қоғамдық моншалар, монша кешендері, сауналар;
- халыққа қызмет көрсету орталықтары (жеке және заңды тұлғалармен жұмыс);
- қоғамдық тамақтану орындары (тамақты үйге жеткізу қызметі тоқтамайды);
- туризм объектілері мен қызмет көрсету саласындағы ұйымдар (қонақ үйлер, демалыс үйлері, туристік базалар және тағы басқа);
- жағажайлар;
- білім беру орталықтары, үйірмелер;
- ғибадат ету орындары;
- спорт нысандары, мәдени нысандар.
Сондай-ақ, демалыста тұрғын үйлердің кіреберістері, балалар және спорт алаңдары дезинфекцияланады.
Барлық кәсіпорын мен ұйымдардың басшылары өндірістік және тұрмыстық орын-жайларда дезинфекциямен қатар толық тазалау жұмысын жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Қаулы 27 маусымда сағат 00.00-де күшіне енеді.