Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда ауқымды дезинфекция жүргізіліп жатыр

Ең алдымен, халық көп жиналатын орындар – саябақтар, аялдамалар, алаңдар, автобустар дезинфекцияланады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында ондаған дезинфектор, оның ішінде әскерилер және өрт сөндірушілер тағы бір ауқымды дезинфекция жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алдымен адам көп жиналатын, инфекцияның таралу ошағы болуы мүмкін орындар өңделеді: саябақтар, алаңдар, аялдамалар, автобустар, қоғамдық орындар және т.б.

Сондай-ақ, қаланың санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес, сауда орталығы, базарлар және басқа да қоғамдық орындарда дезинфекция жүргізіледі.  

"Инфекция қаупі жойылған жоқ, жұқтырғандар да, қайтыс болғандар саны да өсуде. Егер бұрын адамдар COVID-19 туралы тек жаңалықтан білсе, қазір бұл инфекциямен туыстарының немесе достарының біреуі ауырып қалғанда, жақын байланыста болғандар тізіміне енген кезде бетпе-бет келеді. "Карантиндік демалыс" деп аталатын екі күн инфекцияның таралуын баяулатады. Қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау керек! Себебі санитарлық нормалардың сақталмауы науқастар санының көбеюіне әкеледі", – деп ескертті астананың санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.

Тағы оқыңыз: "Алып кет": бас дәрігер Ақтөбе ауруханасында түсірілген атышулы видеоға түсініктеме берді

Еске салсақ, 20-21 маусымда қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды, дәріханалар мен үй жанындағы азық-түлік дүкендерін қоспағанда, қоғамдық көліктер мен барлық кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды.

Барлық қоғамдық орын жабық: саябақтар, алаңдар, жағалаулар, жағажайлар және басқа да халық көп жиналатын орындар.

Қалада демалыс күндері тұрғындардың жүріп-тұруы шектелген, тек өз автокөлігімен жұмыс орнына дейін (жұмыстан анықтамасы болуы тиіс) баруға, жақын маңдағы дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне шығуға, медициналық қызмет алуға ғана рұқсат етіледі.