Қоғам

ҰБТ басталды: министр түлектерге сәттілік тіледі

21 маусым күні басталған ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады, бірінші күні 6 512 талапкер емтихан тапсырады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы ҰБТ өткізу пунктінде болып, тест тапсырушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймағамбетов Нұр-Сұлтандағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында орналасқан ҰБТ өткізу пунктінде болды. Министр талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.

"Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шара – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькулятор пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынағы айтарлықтай септігін тигізді. Ата-аналар тәртіпті барынша сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң, бірден кетіп отырды. Бұл өте маңызды", - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, таңғы сағат 8-де барлық бала аудиторияларға кіргізілген. Аудиторияларда тест тапсырушылар әдеттегіден әлдеқайда аз, олардың қауіпсіздігі үшін лектер саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды.

Карантин жағдайындағы ҰБТ

Білім министрлігінің ақпаратынша, коронавирусқа байланысты түлектер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті:

  • дезинфекциялық тоннельден өту;
  • арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімді зарарсыздандыру;
  • дене қызуын өлшеу;
  • қолды антисептикпен өңдеу;  
  • медициналық маска беру.

Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде түлектер арасында кемінде екі метр ара қашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, өңделетін болады. Аудиториялар тек 35%-ға дейін толтырылған, әрқайсысында 10-18 адамнан. Былтыр бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкер тест тапсырған.

Тағы оқыңыз: Білім министрлігі ҰБТ-ға қатысты жаңашылдық туралы айтты

ҰБТ жексенбі, 21 маусым күні басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана істейді, оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бірінші күні тек 6 512 түлек емтихан тапсырады.

Биыл еліміз бойынша 131 755 адам ҰБТ тапсыруға ниет білдірген, оның 111 109-ы немесе 82% – осы оқу жылының түлектері.

Ведомствоның мәліметінше, карантинге қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектердің саны 12%-ке артқан.