НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы ҰБТ өткізу пунктінде болып, тест тапсырушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймағамбетов Нұр-Сұлтандағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында орналасқан ҰБТ өткізу пунктінде болды. Министр талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.
"Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шара – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькулятор пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынағы айтарлықтай септігін тигізді. Ата-аналар тәртіпті барынша сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң, бірден кетіп отырды. Бұл өте маңызды", - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, таңғы сағат 8-де барлық бала аудиторияларға кіргізілген. Аудиторияларда тест тапсырушылар әдеттегіден әлдеқайда аз, олардың қауіпсіздігі үшін лектер саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды.
Карантин жағдайындағы ҰБТ
Білім министрлігінің ақпаратынша, коронавирусқа байланысты түлектер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті:
- дезинфекциялық тоннельден өту;
- арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімді зарарсыздандыру;
- дене қызуын өлшеу;
- қолды антисептикпен өңдеу;
- медициналық маска беру.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде түлектер арасында кемінде екі метр ара қашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, өңделетін болады. Аудиториялар тек 35%-ға дейін толтырылған, әрқайсысында 10-18 адамнан. Былтыр бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкер тест тапсырған.
Тағы оқыңыз: Білім министрлігі ҰБТ-ға қатысты жаңашылдық туралы айтты
ҰБТ жексенбі, 21 маусым күні басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана істейді, оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бірінші күні тек 6 512 түлек емтихан тапсырады.
Биыл еліміз бойынша 131 755 адам ҰБТ тапсыруға ниет білдірген, оның 111 109-ы немесе 82% – осы оқу жылының түлектері.
Ведомствоның мәліметінше, карантинге қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектердің саны 12%-ке артқан.