Өңірлер

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін оқшаулады

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды, нәтижесі теріс болып шықты
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін-өзі оқшаулады. Ол қазір коронавирустан емделіп жатқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен байланыста болған.

"Облыс әкімі науқаспен қарым-қатынаста болған адам ретінде коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды. Нәтижесі – теріс. Хаттамаға сәйкес өзін-өзі оқшаулау режиміне көшті. Өзін жақсы сезінеді, ауру белгілері жоқ", - деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Сапарбаевтың кесте бойынша видеоконференция арқылы жұмысын жалғасырып жатқанын хабарлады.

Өткен аптада премьер-министр Асқар Мамин бастаған үкімет делегациясы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан үкіметінің басшысы коронавирусқа тест тапсырды, диагноз расталмады. Мамин өзін-өзі оқшаулады,  қашықтан жұмыс істеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Денсаулық министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды

Делегация құрамында болған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те өзін оқшаулады.

14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың COVID-19 диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаны белгілі болды.