АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін-өзі оқшаулады. Ол қазір коронавирустан емделіп жатқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен байланыста болған.
"Облыс әкімі науқаспен қарым-қатынаста болған адам ретінде коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды. Нәтижесі – теріс. Хаттамаға сәйкес өзін-өзі оқшаулау режиміне көшті. Өзін жақсы сезінеді, ауру белгілері жоқ", - деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Сапарбаевтың кесте бойынша видеоконференция арқылы жұмысын жалғасырып жатқанын хабарлады.
Өткен аптада премьер-министр Асқар Мамин бастаған үкімет делегациясы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан үкіметінің басшысы коронавирусқа тест тапсырды, диагноз расталмады. Мамин өзін-өзі оқшаулады, қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Денсаулық министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды
Делегация құрамында болған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те өзін оқшаулады.
14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың COVID-19 диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаны белгілі болды.