НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мінген тікұшақ Таразға шұғыл қонды, деп хабарлайды Қазақпарат.
"12 маусымда Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Жамбыл облысын тікұшақпен аралап ұшты. Ұшу кезінде гидравликалық жүйе істен шыққан. Осыдан кейін қосалқы гидравликалық жүйе қосылды. Ұшу эксплуатациясының ұсынымдарына сәйкес, ұшқыш Таразда қонуға мәжбүр болды", - деп келтіреді агенттік "Қазәуеқұтқару" АҚ қоғаммен байланыс маманының сөзін.
Өткен аптада үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Премьер-министр Асқар Мамин басқарған делегация құрамына бірқатар министрліктің өкілдері кірді.
Көп ұзамай денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус табылды.
Тағы оқыңыз: Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Үкімет басшысы COVID-19-ға тест тапсырды, диагноз расталған жоқ. Қазір Мамин өзін-өзі оқшаулады, бірақ қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та оқшауланды.