НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр - Sputnik. Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту және шектеу шаралары туралы келісімшарттың мерзімі бір айдан кейін аяқталады. Осы құжаттың мерзімі ұзартылмаса, соңғы 50 жылдың ішінде алғаш рет ядролық державалар арасында ешқандай келісім болмайды. Бұл дегеніміз, қару-жарақ жарысына шектеу қойылмайды.
Бұл мәселе бойынша келіссөздер әлі басталған жоқ. Карантин де көп уақытты алды. Өткен аптада телефон арқылы сөйлескен екі елдің президенті келіссөздерді жандандыруға үндеді.
"Алдағы талқылауларды асыға күтіп отырмын", - дейді АҚШ басшысы.
Жақында The Washington Times-қа президенттің арнайы өкілі, маршал Биллингслидің үлкен сұхбаты жарық көрді. Маршал Биллингслидің айтуынша, жаңа келісімдегі негізгі кемшіліктердің бірі ол – Қытайдың құжатқа қосылмауы.
Биллингсли Қытайдың жаңа ядролық жүйелері Ресейге қауіп төндіріп отырғанын да айтты. Осылайша, Трамптың арнайы өкілі Мәскеу өзінің стратегиялық әріптесіне сенімсіздікпен қарағанын қалайтынын аңғартты.
Бейжің атом қаруын тек 1964 жылы ғана қолға алды. Ол кезде АҚШ пен КСРО өзара жарысып, алға кетіп қалған. Тіпті, ядролық қару-жарақты қысқарту және шектеу келісімшартын рәсімдейтін деңгейге дейін жетті. Қытай болса, "мәдени революциясымен" айналысып кетті. Сөйтіп, ядролық бағдарламасын 70-жылдардың соңында ғана бастады. Қытайдың қазіргі ядролық әлеуеті Ресей мен АҚШ-тан әлдеқайда төмен.
Бүгінде Қытайдағы ядролық оқтұмсықтардың саны белгілі. Осы мемлекеттің айналасында АҚШ-тың әскери базалары аз емес. Американың теңіз флоты да Аспан асты елді айналып жүреді.
Ал екі елдің стратегиялық байланыстары күшейіп келеді. Мысалы, өткен жылы Владимир Путин Қытайға зымыран шабуылының алдын алу жүйесін құру жағынан көмек берілетінін мәлімдеді. Бұл дегеніміз, Бейжіңнің әскери әлеуеті өсе түседі.