НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр — Sputnik. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан көз жұмған науқас туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
COVID-19 сәуір айының 23-і күні Павлодар қаласының 57 жастағы тұрғынынан табылды. Ер адам инфекциялық стационарға жатқызылған.
"Ер адам ауруханаға түскен кезде бронхит диагнозы қойылды. Науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланды. Пациент 2-типті қант диабетімен есепте тұрған", - делінген хабарламада.
26 сәуірде жағдайының нашарлауына байланысты ер адам инфекциялық госпитальдің реанимациялық бөліміне ауыстырылды.
29 сәуірде науқастың тыныс алуы нашарлап, ол аппаратқа қосылған.
2 мамырда ер адамның жағдайы күрт нашарлады. Павлодарға Нұр-Сұлтан қаласынан кардиохирург шақырылды.
"Реанимациядан кейін емделушіде жүрек-тыныс алу және бүйрек жеткіліксіздігі өршiдi. Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан пациенттің жағдайы нашарлады. Емдеу денсаулық сақтау министрлігінің диагностикалау және емдеу хаттамасына сәйкес жүргізілді", - деп хабарлады басқармадағылар.
Ер адам 6 мамыр сағат 20:40-та көз жұмды.
Оқи отырыңыз: "Бір аптада 45 келі балық жеп қойдық": 13 баласы бар отбасының карантиндегі өмірі