НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр — Sputnik. Қазақстанда коронавирустан 27-ші адам көз жұмды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Шымкентте Covid-19 инфекциясын жұқтырған бесінші науқас қайтыс болды.
"1942 жылы туған әйел Шымкент қаласы, Абай ауданының тұрғыны. 78 жастағы науқас 27 сәуір күні жедел-респираторлық вирустық инфекция, пневмония диагнозымен жедел жәрдем қызметімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Науқастан зертханалық сынама алынып, COVID-19 диагнозы нақтыланды", - деді Шымкент қаласының денсаулық басқармасы.
Ол 29 сәуір күні жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Алайда бұған қарамастан, 3 мамыр күні, сағат 10:20-да қайтыс болды.
Сондай-ақ, елде коронавирус расталған тағы 36 жағдай тіркеліп отыр.
"Алматы қаласы - 7, Маңғыстау облысы - 2, Нұр-Сұлтан қаласы - 4, Атырау облысы - 2, Қарағанды облысы - 1, Шымкент қаласы - 5, Жамбыл облысы - 2, Түркістан облысы - 1, Шығыс Қазақстан облысы - 3, Батыс Қазақстан облысын 9 адам вирус жұқтырды", - деп жазылған ақпаратта.
Қазақстан бойынша барлығы - 3913. 1 056 адам дерттен жазылып шықты.